Ақтоғайлықтар қаржылық сауаттылығын арттырады
«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша тегін курстарды ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғай ауданында халық үшін тегін қаржылық сауаттылық курстары екі ағынмен – 5-9 тамыз және 12-16 тамыз аралығында өтті.
Аудандық қаржы бөлімінің мәліметінше, аталмыш оқу түрі азаматтарға құқықтық білікті көмек көрсетуге, халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға, банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша проблемалық берешектерді реттеп, жәрдемдесуге бағытталған.
– Ауыл тұрғындарына отбасылық бюджеттің аудит дағдыларын үйретіп, депозиттердің түрлі шарттарымен таныстырды. Тренингте қаржы сарапшылары жеке консультациялар өткізді. Сондай-ақ, жеке іс ашу және жыл бойына арналған бизнес-жоспар құруға көмектесті, – дейді аудандық қаржы бөлімінде.
Оқудан кейін қатысушылар сертификаттар алды. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар жобаға кез келген адамның тегін қатыса алатынын айтады. Ол үшін Ақтоғай ауылы, Абай көшесі, 77 мекенжайы бойынша қаржы бөліміне жүгіну қажет. Байланыс телефоны: 21-3-81, WhatsApp +7-707-107-05-22.