Павлодарлық дәрігер ұшақтағы жолаушыны өлім аузынан алып қалды
Жолаушы Ташкенттен Астанаға ұшқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отбасымен бірге ұшып келе жатқан әйел есінен танып қалған. Соңынан әуе қызметкері дауыс зорайтқыш арқылы жолаушылардан ұшақта дәрігер бар ма екені жайлы сұраған. Салонда Павлодар теміржол ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Мұрат Сүлейменов өзінің дәрігер екенін айтып, әйелге бірден алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
– Қан қысымы төмен болды, есін білмейді, – деп еске алды Мұрат Сүлейменов. – Біз оны еденге жатқызып, пластикалық қорапты қойып, аяғын 45 градусқа көтердік. Гипотония болғанда дененің осындай позициясы көрсетілген.
Әйел есін жиғанға дейін дәрігер қасында бір сағаттан артық уақыт медициналық көмек көрсетіп, бақылаған. Әйелдің жолдасы да қолынан келгенше көмектесіп, үрейленбеуге тырысқан. Алайда, балалары қатты шошып, жылаған. Жолдасының айтуынша, әйел осы уақытқа дейін ешқандай аурумен ауырмаған.
Ақ халатты дәрігер өз әрекетін қалыпты іс деп санайды. Экипаждың үйлесімді жұмысы жақсы көмек көрсеткенін айтады.
– Мен тек алғашқы медициналық көмек көрсеттім, – дейді ол.
Бұл – дәрігердің шұғыл көмек көрсетеу қажет болған алғашқы жағдайы емес. Бірде ол Баянауылда демалыста жағажайда жігітті ажал аузынан алып шыққан. 2016 жылы пойыздағы төрт жасар баланың кенеттен іші қатты ауырған соң дәрігер пойыз бастығын шақырып, жақын маңдағы станцияда жедел жәрдем шақыруды ұсынған. Бала анасымен бірге жақын маңдағы ауруханаға эвакуацияланған.
Мұрат Сүлейменов еңбек жолын Ақтоғай аудандық орталық ауруханасында дәрігер анестезиолог-реаниматолог болып бастаған. Павлодардың №3 қалалық ауруханасында 20 жылдан астам еңбек еткен.