Павлодарда полицейлер ес-түссіз жатқан ер адамды ауруханаға жеткізуге көмектесті
Тәртіп сақшылары ер адам отырған көлікті жансақтау бөліміне дейін жедел сүйемелдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік қызмет атқарып жүрген Нұржан Құндақбаев пен Абай Асылхановқа әйел адам көмек сұрап жүгінген. Оның көлігінде шұғыл медициналық көмекке мұқтаж күйеуі болған.
Жағдайдың шұғыл екенін түсінген полицейлер көлікті медициналық мекемеге дейін кедергісіз әрі жедел сүйемелдеген.
Кейін ер адамның жұбайы полиция департаментінің Instagram желісіндегі ресми парақшасына жазып, тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.
– 29 тамызда біз өз көлігімізбен ауруханаға бара жатқан едік. Жолда күйеуім ес-түссіз жағдайда болды. Жігіттер бізді жансақтау бөлімінің есігіне дейін алып барып, дәрігерлерге тапсырды, – деп жазды әйел.

Оның айтуынша, дәрігерлер науқастың ауруханаға дер кезінде жеткізілгенін айтқан. Уақытылы көрсетілген медициналық көмектен кейін ер адамның жағдайы жақсарып, қазір оңалып келеді.
– Көрсеткен қолдауларыңыз бен көмектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің аналарыңызға мың алғыс – олар нағыз азамат тәрбиелеген! Алла Тағала өздеріңізге және отбасыларыңызға мықты денсаулық пен бақ-береке берсін! – деп алғысын жеткізді қала тұрғыны.
Полиция департаменті қызметтік міндетпен қатар, азаматтарға қажетті жағдайда көмек көрсету жеке құрам жұмысының маңызды қағидаларының бірі екенін атап өтті.