Павлодарда виртуалды сауданың соңы сотқа ұласты

Павлодарда виртуалды сауданың соңы сотқа ұласты
Фото: pexels.com / Gaspar Zaldo

Instagram арқылы квадроцикл сатып алмақ болған азамат алаяқтарға алданып, өз құқығын сотта қорғап шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында жеткізілмеген тауар үшін төленген ақшаны қайтару туралы іс қаралды. Т. есімді талап қоюшы әлеуметтік желіден квадроцикл мен мотоцикл сатылатыны туралы жарнама көріп, сатушымен байланысқа шыққан. Тараптар 1 200 000 теңгеге келісіп, сатып алушы тауардың құнын толықтай аударған. Алайда уәде етілген техника иесіне жетпеді, ал сатушы міндеттемесін орындаудан жалтарды.

Сот процесі барысында тараптардың өзара жазысқан хаттары мен банк түбіртектері басты дәлел ретінде қабылданды. Бұл деректер сатушы мен сатып алушы арасында құқықтық қатынастың болғанын толық растады. Талап қоюшы өз тарапынан ақшаны уақытылы төлегенімен, жауапкер тарап келісімшарт талаптарын бұзған.

Істің мән-жайын жан-жақты зерделеген сот талап қоюшының арызын негізді деп таныды. Нәтижесінде жауапкер саналған ЖШС-нен төленген қаражатты толық қайтару туралы шешім шығарылды. 

Сот шешімі заңды күшіне енді.