Павлодарда психофизикалық скринингтен арнайы орталықта тегін өтуге болады

Бұл – аутизмді ерте кезеңде анықтауға арналған қызметтің түрі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№3 қалалық емхана базасында балаларды дамыту және ерте араласу орталығы жұмыс істеп келеді. Орталықтың негізгі міндеті – ерте жастағы балалардағы даму тәуекелдерін уақтылы анықтау. Егер ересектерге әртүрлі жас кезеңінде скрининг жүргізілсе, дәл сондай тексерулерді балаларға да жүргізу аса маңызды.
Осыған орай орталықта психофизикалық скрининг енгізілген. Арнайы әдістемелердің көмегімен мамандар баланың дамуын тексеріп, сөйлеудің кешеуілдеуі, аутизм белгілері, есту мен көру қабілетінің бұзылыстары сияқты мәселелерді ерте кезеңде анықтайды.
– Аутизмді бір жасқа дейін анықтау мүмкін емес. Сондықтан скрининг 1,5 жастан басталады. Ал 3 жастан кейін анықталған жағдайлар кеш болып есептеледі. Ерте диагностикалау арқылы біз балаларды уақтылы оңалтуға мүмкіндік аламыз, – дейді бала жастағы ауруларды біріктіріп жүргізу үйлестіруші Айнаш Қозыбаева.
Орталық бірнеше бағытта жұмыс істейді: баланың даму кабинеті – психофизикалық скрининг пен даму мониторингі, аудиологиялық кабинет – есту қабілетін тексеру және ақауларды анықтау, көру қабілетін бақылау – көздің көруін тексеру, моторика кабинеті – ұсақ моториканы дамыту арқылы сөйлеуді жетілдіру, ресурстық орталық – ата-аналарға кеңес беру және психологиялық қолдау көрсету.
Мұнда тәжірибелі медбикелер жұмыс істейді. Дәрігерлердің айиуынша, соңғы жылдары есту қабілеті төмен балалардың саны артып отыр. Әсіресе шала туған нәрестелер арасында бұл жағдай жиі кездеседі.
Олар, арнайы аппараттың көмегімен құлақтың дыбыс өткізгіштік қызметі ғана емес, сүйек арқылы дыбыс қабылдау қабілеті де тексеріледі. Бұл әдіс сенсорлық және кондуктивтік құлақ мүкістігін ажыратып беруге мүмкіндік береді. Күрделі жағдайлар анықталған кезде балалар облыстық ауруханаға немесе тар бейінді мамандарға жолданады.
– Орталықтағы тағы бір маңызды жұмысы – балалардың тамақтану әдеттерін қалыптастыру. Мамандар қосымша тағам беруді алты айдан бастауды ұсынады. Осы кезеңде ата-аналарға арнайы сабақтар өткізіледі: қосымша тағамды енгізу ережелері, кеуде сүтімен қоректендіру, жүкті әйелдердің дұрыс тамақтануы, – дейді Айнаш Қозыбаева.
Мамандардың айтуынша, жүктілік кезінде ананың дұрыс тамақтанбауы баланың денсаулығына әсер етіп, кей жағдайларда 1,5 жасында қант диабетіне шалдығуына себеп болуы мүмкін.
Орталықтың құрамында патронаждық медбикелер желісі де жұмыс істейді. Олар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды тұрақты түрде бақылап отырады. Қазіргі таңда 100-ден астам отбасы мен 115 бала орталықтың ерекше назарында тұр.
Күн сайын медбикелер балалардың күтімін, тұрмыс жағдайын тексеріп, қажет болғанда әлеуметтік қызметкер мен психологты тартады. Егер мәселе шешілмесе, ақпарат мобильді қосымшаға енгізіліп, ювеналды полиция мен қамқоршылық органдарына жолданады.
Балалардың ерте даму орталығы Павлодардағы Жастар денсаулық орталықтарымен де тығыз жұмыс істейді.
– Жастарға медициналық қызметті тек дәстүрлі поликлиникаларда емес, қолайлы әрі сенімді ортада көрсету маңызды. Мұндай орталықтар психикалық денсаулықты сақтауда үлкен рөл атқарады, – деді Ұлттық комиссия өкілі Эльмира Каримова.
Павлодардағы балалардың ерте даму орталығы – денсаулық сақтау саласындағы жаңа әрі тиімді бастама. Ерте диагностикалау мен ата-аналарды оқыту арқылы балалардың болашақтағы денсаулығын қорғауға мүмкіндік артады. Бұл тәжірибе Қазақстанның басқа өңірлерінде де енгізіле бастады.