Баянауылда «Самұрық» ақындар антологиясының тұсаукесері өтті

Баянауылда «Самұрық» ақындар антологиясының тұсаукесері өтті

Баянауыл ауданында «Телтума - менің тағдырым» атты  әдеби-сазды  кездесу және халықаралық «Самұрық» ақындар антологиясының тұсаукесері  өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Шараны ұйымдастырушы  —  «Жыртұма» поэзия  клубы.  Рухани шараның шымылдығын  Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының ұстазы Данияр Мағауия Хамзиннің «Жайлау» күйімен түрді.

—  Қалмұқан Исабаев атындағы орталық аудандық кітапхана жанынан құрылған «Жыртұма» поэзия  клубы бес жылдан аса жұмыс істеп келеді. Рауза Молдайыпқызы аудармашылық, жазушылық қырын ашатын алуан түрлі  сұрақтарға іркілмей жауап беріп, оқырманның көңілін тербеді. Таланты мен еңбегі ұштасып, рухани күш-қуаты толысқан қаламгердің өресі әлемдік әдебиеттің жанды болмысымен арқауласып  жатқанын кеш қонақтары байқағандай болды.  Кеш соңы өнер мектебінде жалғасын тапты, — дейді аудан әкімдігінде. 

Мұсабаева Рауза Молдайыпқызы - аудармашы, қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ұстаз.  Алматы педагогикалық шет тілдері институты (бүгінгі Абылайхан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті) неміс тілі факультетінің түлегі. Неміс жазушысы Э.Хуммельдің «Берлин балықтары», «Таң жұлдызы» романдарын, Германия, Австрия, Швейцария, Франция жазушыларының және ресейлік неміс авторларының көркем шығармаларын, бірнеше новеллаларды, әзіл әңгімелерді, 20 детектив, «Таңғажайып глобус» ертегілер топтамасын, балаларға арналған 43 суретті ертегілер кітапшасын, көптеген танымдық дүниелерді, қанатты сөздерді неміс тілінен аударған. 

«Gold Cinema» компаниясының тапсырысымен 4 деректі фильмді қазақшалаған. А.Рембестің «Шарасыз бала күтуші» әзіл әңгімесінің аудармасы «Аудармалар топтамасы» жинағына (Алматы қ.) енген. «Самұрық» антологиясына («World&Steppe» баспасы, Алматы, 2022ж.) енген өлеңдер аудармашыларының бірі. 

Берлиндегі (Германия) көркем шығарма аудармашыларының Жазғы әдеби коллоквиумының стипендиаты (2009ж.), Цюрихтегі (Швейцария) «Аударма баспалдақтары» грантының (2011, 2015 және 2018 жж.) үш мәрте иегері. Германия, Ресей және Қазақстан арасында өткізілген «Із қалдыру» онлайн-байқауындағы (2021 ж.) «Көркемсөз оқу шебері» номинациясының жеңімпазы.  

Аудармалары, мақалалары республикалық басылымдарда жарық көріп тұрады.