Павлодарда Республика күні «МузАрт» тобы келеді

Павлодарда Республика күні «МузАрт» тобы келеді
Фото: @saken_maigaziyev

Республика күніне орай облыста 500-ге жуық іс-шара өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мәлім етті.  

– Өңірде 25 қазан – Ұлттық мереке Республика күні бекітілген тұжырымдамаға сәйкес өткізіледі. Жалпы өңірімізде Республика күніне орай 450-ден астам іс-шара жоспарланған, – дейді Медет Тауасқан.  

Айтулы мерекенің аясында 24 қазан күні Естай атындағы мәдениет сарайында салтанатты жиын ұйымдастырылады. Концерттік бағдарламаның арнайы шақырылған қонақтары: «МузАрт» тобы, Финляндияда өткен Ян Фиделиус атындағы «JSFest Vocal Competition» Халықаралық байқауының 1-орын иегері Дариға Мұсаева және кино және театр актері, тележүргізуші  Әділ Ахметов.

Естай қалалық мәдениет сарайының фойесінде Г.Потанин облыстық тарихи-өлкетану музейі еліміздің өркендеуіне арналған «Менің елім – мақтанышым» және Н. Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейі «Қасиетті жерлерге саяхат» атты көрмелерін рәсімдейді. 

25 қазан күні – Ақсу қаласында «Мәңгілік жаса, қыран елім» атты мерекелік бағдарлама сағат 11:00-де Сәбит Дөнентаев мәдениет сарайының алаңында өтсе, Екібастұз қаласында «Қыран елім, Қазақстаным!» атты концерттік бағдарлама сағат 15:00-де «Өнер» мәдениет сарайында ұйымдастырылмақ.

Ақтоғай ауданында «Гүлдене бер, Қазақстаным!» атты бағдарлама орталық алаңында өтеді.

Павлодар ауданында «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстан!» аудандық фестиваль Кемеңгер ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылмақ. 

Сондай-ақ Успен ауданында Республика күні қарсаңында «Ұлы елдің ұрпағымыз!» атты ашық аудандық айтысы ұйымдастырылады. Аламан додаға әр өңірден және жергілікті айтыскер ақындар қатысады. 

Айта кету керек, Шарбақты, Май, Ертіс, Тереңкөл, Аққулы Баянауыл, Железин аудандарында да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылмақ.