Павлодарлық музейге Мейрам Асылғазының таяғы мен жаңа кітабы табысталды
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде жазушыны еске алу әдеби кеші өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» атты шара өңіріміздің белді журналисі, жазушы, аудармашы Мейрам Асылғазының 75 жылдығына орай ұйымдастырылды. Әдеби кеш барысында Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сатирик Ғалымбек Жұматов пен ардагер айтыскер ақын Ғабит Сапаров сөз сөйледі. Сондай-ақ, Мейрам Асылғазының баласы Елдос Асылғазы күй шертіп, жора-жолдас, қаламгер достары жазушы жайлы естеліктерімен бөлісті.
Мейрам Асылғазының жары Қалима Асылбекқызы музей қорына жазушының ұстаған таяғы мен үнді саясаткері Махатма Гандиден аударған «Өмірім менің» жаңа кітабын табыстады. Бұл кітап 2020 жылы Қазақстандағы Үндістан елшілігінің қолдауымен жарық көрген.
Жолдастарының айтуынша, Мейрам Асылғазы жазушылығынан бөлек епті спортшы да болған. Үстел теннисінің тарпаңы, шахматтың шебері болған. Бес қабатты үйдің астынғы бөлігінде орналасқан редакцияда тенис үстелі болған. Түскі үзіліске шыққанда немесе жұмыс аяғында редакция қызметкерлері қолдарына ракетка ұстап, тенис ойнаған. Жұрт көбінесе оның ойнын көруге келген. Оң қолымен кішкентай шарды құлаштай соққанда оған қарсы тұрар кісі болмаған.
– Мейрам ағамыздың немересінің естелегі бойынша, атасы қолына қара домбыраны алса, домбыраның күмбірімен айналасын баурап, тыңдаушының жүрегіне жол тапқан. Қазақтың күйлері бірінен соң бірі төгіледі. Әріптестері домбыра пернесінде ойнақтаған саусақтарына қарап, өнерлі жасқа қызыға қараған. Тіпті, күй де шығарған. Музей қорымызда қаламгердің «Жаназа» күйінің жазбасы, Қайрат Айтбаевтың нотаға түсірген «Кәкау» атты күйі бар, – дейді музей қызметкері Жанболат Абайхан.
Айта кету керек, Мейрам Асылғазы 1948 жылы 7 қараша күні Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1978 жылға дейін Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде істеді. 1978 жылы «Жалын» баспасында редактор, кейіннен проза бөлімінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. 1991 жылдан 1995 жылға дейін «Өнер» баспасында бас редактор болып істеді. 1997-1998 жылдары «Жібек жолы» баспа үйінде қызмет атқарды. Республикалық басылымда алғаш рет «Балалар балалық жасапты» деген әңгімесі 1978 жылы жарияланды. Алғашқы әңгімелер жинағы 1980 жылы «Ауылдастар», 1986 жылы «Өзгеше бір күн» повесть, әңгімелер деген атпен жарық көрген.