Павлодарлық театрды дамытқан Нұридин Атахановтың туғанына 120 жыл толды
![Павлодарлық театрды дамытқан Нұридин Атахановтың туғанына 120 жыл толды](https://images.pexels.com/photos/713149/pexels-photo-713149.jpeg?auto=compress&cs=tinysrgb&w=1260&h=750&dpr=1)
Ол 1950 жылдары жергілікті сахна төрінде актер қызметінде ғана емес, режиссер ретінде де баршаға танылып үлгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл Қазақ КСР-нің халық әртісі, актер, режиссер, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Нұридин Атахановтың туғанына 120 жыл толады. Ол 1905 жылы Өскеменде дүниеге келіп, 1974 жылы Семейде қайтыс болды. Нұридин Атаханов түрлі салада қызмет етті: әділет органдары, милиция. Алайда оның жаны шығармашылыққа жақын еді. 2005 жылы «Сарыарқа самалы» газетінде актердің 100 жылдығына орай мақала шықты. Газет беттерінде Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайының ғылыми қызметкері Айтжан Бәделханов режиссер туралы мінездемесі жарияланды.
– Нұридин Атаханов – Ертістің Павлодар өңірінің өнерін өрге көтеруге көп еңбек сіңірген адам. Алматы, Семей, Қарағанды театрларының сахнасында өнер көрсетіп, ысылған тәжірибелі актер Павлодар театрына аса бір қысылтаяң, ел басына күн туған соғыс жылдарында келіп, сол күндердің талабына сай еңбек етті, – деп атап өткен Айтжан Бәделханов.
Өнер майталманы 1945-1952 жылдары Павлодар біріккен орыс-қазақ драма театрында жұмыс істеп, режиссер ретінде Фридрих Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясы бойынша спектаклін қойып, республиканың еңбек сіңірген әртісі атағын алды. Соғыстан кейінгі қиын уақытта режисер актерлік шеберлікті шыңдауға тырысты.
Мақалада онымен қызметтес болған әріптестері естеліктерін қалдырды.
– Өмірден көргені, зердесіне тоқығаны мол Атаханов актерлік өнерді жедел меңгеріп, ірі сахналық бейнелерді жасады. Ол сомдаған бейнелер ұлттық бояуының айқындылығымен, табиғи шынайылығымен ерекшеленеді. Нұриден Атаханов бейнелеген кейіпкерлердің ішкі дүниесі қимылға бай, шиыршық атқар толғаныстары мен мұңдалап тұрады. Өзіне тапсырылған рөлді қолына алған күннен бастап, актер өзінше дайындыққа кірісіп, өзінше толғанып, көп ізденді, – деп жазылған мақалада.
Нұридин Атаханов павлодарлық театрда қызмет етіп жүрген жылдары жаңа ғимараттағы сахна қажетті дәрежеге сай жабдықталды. Сонымен қатар шығармшалық ұжым өнер жағынан өсіп, дамыды. Ол әр жылдары Қазақстанның түрлі театрларында музыкалық қойылымдарға қатысты: Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» мен «Түнгі сарын», Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» және «Қозы Қорпеш пен Баян сұлу» пьесаларын, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» операларын қойған.