Екібастұзда домофон қызметі бағасының қымбаттауының заңдылығы тексерілуде
Кеншілер қаласында домофонға қызмет көрсету құны Павлодар облысы бойынша ең жоғары көрсеткішке жеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мамыр айында Екібастұз тұрғындары үшін Миденко ЖК домофон қызметінің ай сайынғы төлемін 550 теңгеден 700 теңгеге дейін көтерген.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаментіне қала тұрғындары шағымданған.
Басқарманың тергеу бөлімінің басшысы Әлия Тұрсынбаеваның айтуынша, Миденко ЖК Екібастұз қаласындағы домофон жүйесіне техникалық қызмет көрсету нарығында үстем (доминант) орынға ие.
– Тұрғындардан өтініш түсті, біз нарыққа талдау жүргіздік. Нәтижесінде аталған жеке кәсіпкер Екібастұз тұрғындарының 35 пайыздан астамына қызмет көрсететіні және доминант субъект болып табылатыны анықталды. Сондықтан оған қолданыстағы заңнама талаптары толық көлемде қолданылады. Біз тергеу бастадық: бағаның көтерілуі кәсіпорынның нақты шығындарымен негізделген бе, соны тексердік. Тергеу нәтижесінде Миденко ЖК-нен алынған монополиялық табыс көлемі алты миллион теңгені құрады, – деп түсіндірді Әлия Тұрсынбаева.
Мемлекеттік орган жүргізген тергеу қорытындысымен Миденко ЖК келіспей, сотқа шағым түсірген. Сот шешімі қандай болатыны туралы ведомство өздерінің ресми сайтында хабарлайтынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда департамент жарнама-өндірістік бағыттағы «Цитадель» ЖШС-не қатысты да монополиялық жоғары баға белгілеу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.