Павлодарда түрлі этнос өкілдері қазақ тілінде ән шырқады

Павлодарда түрлі этнос өкілдері қазақ тілінде ән шырқады
Фото: Константин Шелков

Өнерпаздар туған жерге деген сүйіспеншілікті, ел бірлігі мен Қазақстанға деген құрметті ән арқылы жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы Достық үйінде Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті. Сахнаға түрлі этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары шығып, қазақ тілінде ән шырқап, ұлттық билерін ұсынды.

Достық үйінің директоры Нұрия Кубенованың айтуынша, концертке негізінен жастар қатысты. Іс-шара мемлекеттік тілді дәріптеуге, ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған жұмыстың жалғасы болды. Жастар қазақ тілін ән арқылы да үйреніп жүр. Өйткені музыка тілді меңгеруге және ел мәдениетімен жақынырақ танысуға көмектеседі.

– Біз жастарға өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін осындай орын бар екенін көрсеткіміз келеді. Біздегі барлық үйірме тегін. Келіңіздер, жайлы әрі жылы ортада өнерлеріңізді шыңдап, қазақ тілін үйреніңіздер, би билеп, ән айтыңыздар, – деп шақырды Нұрия Кубенова.

Мерекелік кеште Достық үйінің «Достық үні» ансамблі де өнер көрсетті. Ұжым Республика күніне орай патриоттық әндер мен бірнеше шығармадан құралған попурри дайындаған.

Грек этномәдени бірлестігі вокал студиясының жетекшісі Юлия Соловьеваның сөзінше, ұжым грек әндерімен қатар қазақ тіліндегі шығармаларды да үйренеді. Өнерпаздар түрлі байқаулар мен фестивальдерге қатысып, Қазақстан мен туған жер туралы әндерді орындайды.

Концертте патриоттық шығармалар мен қазақтың халық әндеріне ерекше орын берілді. Әртүрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгергендерін сахнада көрсетіп, көрерменге таныс әуендерді орындады.

Бағдарлама әнмен ғана шектелмеді. Көрермендер ұлттық билерді тамашалап, музыкалық трионың өнерін тыңдады. Әр халықтың әуені мен биі мерекелік кештің мазмұнын толықтырды.

Корей этномәдени бірлестігінің өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды. Олар «Чанми» биін орындап, көрермен ықыласына бөленді. Ал «Самульнори» барабаншылар ансамблі корей халқының дәстүрлі музыкалық ырғағын таныстырды. Барабаншылардың үйлесімді қимылы мен екпінді әуені концертке ерекше әсер берді.

Мерекелік кеште түрлі этнос өкілдері өздерінің ұлттық өнерін таныстырып қана қоймай, қазақ тіліндегі әндер арқылы Қазақстанға және туған жерге деген сүйіспеншілігін жеткізді.