Павлодар қаласында Шәкәрім өнері ұлықталды

Павлодар қаласында  Шәкәрім өнері ұлықталды

      Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған челленджді облыстық «Аналар кеңесі» 5512 әскери бөлімімен бірге өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

   Қазақстан Республикасының  «Аналар кеңесінің» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Назипа Шанаидың  ұйымдастыруымен елімізде ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының  мерейтойына арналған челлендж бастау алды. Аталмыш шараны  аймақтық  «Аналар кеңесі» қабыл алды. Бастаманы облыстық «Аналар кеңесінің» төрағасы Бақытжамал Максилова бастаған әжелер шаһарымызда орналасқан 5512 әскери бөлімінің сарбаздары және философтың жиеншары Құралай Уақпаевамен бірлесіп жасады. Ақынның ұрпағы челленджде бабасының әнін орындап, оны домбырада сүйемелдеді. Челленджге ағартушының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»  өлеңі таңдап алынды.

       – Жуырда  Павлодар ауданының «Аналар кеңесі» 5512 әскери бөлімінде өткен ант қабылдау рәсіміне қатысқан еді. Олар 51 келі бауырсақ, 31 келі кәмпит апарып, 7-ротаның сарбаздарына тарту етті.  Кейуаналар жас сарбаздармен кездесіп, қамқорлыққа алды. Жылда «Аналар кеңесі» облыс төңірегінде орналасқан  әскери бөлімдермен меморандумға қол қояды. Өйткені аналар болғаннан кейін жас өрендерге қамқор болу міндетіміз. Сондай-ақ, жауынгерлердің Отан алдындағы борышын өтеу барысындағы өмірін, жатар орнын, тамағын қадағаламақпыз. Алдағы уақытта челлендждің жалғасы ретінде ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты кітаптарды сыйға тартпақпыз. Челленджде сарбаздармен бірге әнді шырқап қана қоймай, тұлғаның өмірінен сыр шертер мағлұматпен бөлістік,– деді  облыстық  «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Бақытжамал Максилова.

     Шәкәрім шығармашылығын танытуға атсалысқан 5512 әскери бөлімінің сарбазы Ерқанат Аяпберген өз ойымен бөлісті.

       –  Алматы қаласының тумасымын. Павлодар қаласына келгеніме 1,5 ай болғанымен  түрлі танымды шаралармен танысып келемін. Соның бірі бүгінгі челлендж. Үйінен жаңа келген жас ұландарға мейірім танытып жатқан  «Аналар кеңесіндегі»  әжелерімізге алғыс білдіреміз.  Ол кісілердің қамқорлығының нәтижесінде әртүрлі кеш куәсі болып келеміз.  Жасалып жатқан тыңғылықты жұмыстың  септігінен пайдалы мәліметті алудамыз.  Шәкәрімнің туындыларымен мектеп қабырғасынан таныспын. Десе де, есейген соң өлең-жырларының мағынасын жаңаша түсініп келемін. Осындай халқының қамын ойлаған ақын-жазушылардың  еңбегін еске алып,  болашақ жас ұрпаққа жеткізу борышымыз,– дейді  5512 әскери бөлімінің 1- рота 1-взвод сарбазы Ерқанат Аяпберген.

              Күні кеше Павлодар ауданының «Аналар кеңесі» 5512 әскери бөлімінің кітапхана қорына кітаптар тарту етті. Сонымен қатар, аналар аталмыш әскери бөлімінің сарбаздарын алдағы 2 жылға өз қамқорлығына алмақ.

        Фото: Аяулым Толегенова