Ертіс ауданында жергілікті ақынның құрметіне мемориалдық тас орнатылды
Шара барысында ақынның кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданының орталығында ақын, жазушы, өлкетанушы, ҚазССР-ның еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ертіс ауданының Құрметті азаматы, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі және туған жеріміздің мақтанышы Мүбәрак Жаманбалиновтің 100 жылдығына арналған мерейтойы ұйымдастырылды. Мерейтой қарсаңында ақынның мемориалдық тақтасы Ертіс балалар өнер мектебінің ғимаратына орнатылып, ақын атаның өнер мектебіне есімі беріледі.
– Ардақты ағамыздың Ертіс ауданы үшін атқарған еңбегі орасан. Мүбарак Кәрімұлы Ертіс ауданында құрылған қазақ тілі қоғамының алғашқы төрағасы ретінде аудан аумағының жер, су, елді мекен аттарының ежелгі атауларын қайтару үшін өлшеусіз еңбек етті. Ауданның екі ғасырлық тарихын терең зерттеп, есімдері ел есінде қалған игі жақсы туралы «Әйгілі ауданым - Ертісім» атты үш кітапты ұрпағына мирас етіп қалдырды, – дейді облыс әкімнің орынбасары Серік Батырғожинов.
Аталмыш шарада ақынның ұлы Талап Жаманбалинов сөз сөйлеп, әкесін еске алды.
– Осыдан 65 жыл бұрын осы Ертіске көшіп келгенде ата-анамыз ең алғаш рет осы ғимаратқа аяқ басқан болатын. Ал 1991 жылы осы ғимаратта «Ертіс нұры» атты ана тіліміздегі газет шықты. Сол газеттің ұйытқысы да, тұңғыш редакторы да Мүбәрәк Жаманбалинов болды, – дейді Талап Жаманбалинов.
Іс-шара аудан орталығының мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдығы аясында «Өсиет» кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
– Мен 6-сыныпта оқып жүрген кезімізде, Мүбәрак Жаманбалинов мектебімізге келіп, болашақ журналисттерді іздеп, бізге шығарма жаздырған болатын. Барлық оқушылардың туындыларын оқып, тексеріп шығып, менің және Қамида Қапиятова деген қыздың шығармаларын алып шығып, балалардың алдында мақтаған болатын. Сол кезде бізге «Сендерден түбі журналист шығады» деп айтқан болатын. Ағамыздың сөзі шынымен де орындалды, – дейді «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Ғалия Балтабай.
«Өсиет» кітабының тұсауын Торайғыров университетінің профессоры, ақын, жазушы Серік Елікбай, облыстық Журналистер одағының төрағасы Болат Аманбай және Ғалия Балтабай кесті.
Айта кету керек, Мүбәрәк Жаманбалинов 1924 жылы 7 қарашада Павлодар облысындағы Тәттімбет ауылында дүниеге келген. Орта дәрежелі агрономдық білім алып, учаскелік агроном болып істеді. Содан соң Омбы орыс-қазақ педучилищесін бітіріп, ұзақ жылдар мектепте ұстаздық етеді. Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің Ертіс ауданындағы меншікті тілшісі болған. «Айна бұлақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1956 жылы жарық көрді. Содан бері әлденеше жыр жинағын шығарған ол негізінде балалар ақыны ретінде танымал. Өлеңдері қырғыз, түркімен, өзбек, латын тілдеріне аударылған. Осындай гүлденген әдеби даму, кемелдену үдерісінде балалар әдебиетінің классигі М.Жаманбалиновтың шығармашылық тұлғасы, балалар әдебиетіне әкелген жаңалығы ерекше.