Павлодарда велосипед жолақтарын салуға қолайлы көшелер анықталмақ
Велосипедтер мен электр самокаттарының қозғалыс қарқындылығын ескере отырып, көше-жол желісіне талдау жасалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиналыста Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Оңғарбаев жыл басынан бері жол қозғалысын бақылауды күшейту нәтижесінде 109 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі анықталғанын айтты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға көп.
Мамандар жол-көлік оқиғаларының орын алуына әсер еткен себептерді зерттеп, көше-жол желісіне тексеру жүргізген. Жалпы саны 590 тексеру өткізіліп, жолдар мен көшелерде анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілген.
– Жолдарды талапқа сай күтіп ұстамағаны және жолдарда жұмыс жүргізу ережелерін бұзғаны үшін 106 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асты, – деді Мәлік Оңғарбаев.
Алдағы уақытта велосипед жолақтарын салуға мүмкіндік бар көшелер анықталмақ. Полиция өкілінің айтуынша, кейбір учаскелерде веложолақтар автокөлік жолақтарын тарылту арқылы ұйымдастырылады. Бұл үшін арнайы жол таңбалары салынып, тиісті жол белгілері орнатылады.
Полиция қызметкерлері велоинфрақұрылымды дамыту жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың қала ішінде қолайлы қатынауына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ ауылдық жерлер де назардан тыс қалған жоқ. Мұнда кәмелетке толмағандардың көлік басқаруына жол бермеу, жүргізуші куәлігі жоқ азаматтардың, сондай-ақ белгіленген тәртіппен тіркелмеген мотоциклдермен, мопедтермен және электр велосипедтерімен жүруінің алдын алу бойынша шаралар қабылдануда.