Павлодар жастарына IT саласындағы жаңа мүмкіндіктер ұсынылды
Қатысушылар сарапшылардан кеңес алды, деп хабарлайды @Pavlodarnew.kz тілшісі.
Облыста Pavlodar Hub ұйымдстырған AI Talk Day іс-шарасы өтті. Кездесуде қатысушылар IT, кәсіпкерлік, жасанды интеллект және заманауи білім беру бағытындағы мүмкіндіктермен танысты. Шара мектеп оқушыларына, студенттерге және цифрлық салада мансап құрғысы келетін жастарға арналды.
Форум барысында цифрлық технологияның мамандары да өз тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушыларға болашақта сұранысқа ие мамандықтары жайында баяндады. Жастар қатарында Start Up негізін қалаушылар, product manager, дата-аналитиктер және дизайнерлер болды.
Pavlodar Hub директоры Нұргүл Джұмадиева ұйымның басты мақсаты - жастарды цифрлық бағытта дамыту екенін атап өтті.
- Біздің негізгі мақсатымыз – жастарға заманауи цифрлық мамандықтарды жақсырақ түсіндіру, олардың дағдыларын дамытуға шабыт беру және болашақта қолдана алатын мүмкіндіктерді көрсету. Бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде Astana Hub филиалдары ашылып жатыр. Павлодарлық жастар да бағдарламалау, Start Up құру және ақпараттық технологиялар бағытында өз жобаларын дамытуға мүмкіндік алуда, - деді ол.
Сарапшы Startup Orda инкубациялық бағдарламасы туралы да айтты. Өткен жылы Павлодардан 42 өтінім қабылданып, 17 жоба іріктеуден өткен. Соның ішінде «ApartX» және «MatLab» жобалары сәтті дамып келеді.

Life Project компаниясының аға project-менеджері әрі product-менеджері Екатерина Санникова цифрлық технология саласына гуманитарлық бағыттан келгенін айтып, қатысушыларды жаңа саладан қорықпауға шақырды.
- Қазіргі таңда кез келген тәжірибе жаңа цифрлық өнім жасауға идея бере алады. Технология саласына келу үшін міндетті түрде техникалық білім қажет емес. Ең маңыздысы – адамның қызығушылығы мен үздіксіз дамуға деген талпынысы болса болды, - деді спикер.

Графикалық дизайнер және 2D/3D суретші Амантай Азамат IT саласы тек бағдарламалаумен шектелмейтінін айтты.
- Бұл салада шығармашылық индустрия, дизайн және 3D бағыттары да маңызды орын алады. Павлодарда талантты әрі креативті жастар көп. Қазіргі таңда халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп, бренд айдентикасы мен анимациялық жобаларды әзірлеумен айналысудамын, - деді ол.
Шара соңында қатысушыларға арналған интерактив ұйымдастырылып, викторина жеңімпаздарына Pavlodar Hub фирмалық өнімдері табысталды.
Еске сала кетейік, бұған дейін облыста оқушылар мен студенттерге арналған Tomorrow School инновациялық IT-мектебі ашылған болатын.