Павлодарда балық шаруашылығын дамытудағы өзекті мәселелер талқыланды
Облыстық кітапханада облыстық қоғамдық кеңес президиумының отырысы өтіп, саладағы түйткілдер мен оны шешу жолдары қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Жиында облыстың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Жасұлан Жұмашев баяндама жасады.
Оның айтуынша, өңірде аквамәдениетті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында дәстүрлі балық өсіру шаруашылықтарымен қатар, тұйық су айналымы қондырғыларында жұмыс істейтін нысандар да бар.
– 2025 жылы облыс аумағында тауарлы балық өсіру көлемі 500 тоннадан асты. Сонымен қатар қосымша кәсіпорындар ашылды, оның ішінде Успен ауданы аумағындағы шаруашылықта биыл инкубациялық цех іске қосылады. Аквамәдениетті субсидиялау көлемі 101 миллион теңгені құрады, ал ағымдағы жылы шамамен 500 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат жем-шөпке, майшабақтарға, ғылыми сүйемелдеуге және дәрілік препараттарға бағытталады, – деді Жасұлан Жұмашев.
Сондай-ақ субсидиялау аясында материалдық-техникалық базаны жаңарту, яғни жабдықтар мен техниканы сатып алу көзделген. Бұдан бөлек, су жеткізу және несие пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты жаңа қолдау түрлері енгізілуде. Қазіргі таңда өтінімдер GosAgro порталы арқылы қабылданады, ал бұрын қолданылған «кезекте» жүйесі жойылған.
Биыл өңірде су айдындарын балықтандыру жұмыстары да жалғасады. Ертіс өзенін қоса алғанда, бұл мақсатқа 100 миллион теңге қарастырылған. Қазір тиісті жұмыстар бойынша конкурс жарияланған.
Сонымен қатар баклан құстарының санын реттеу шаралары қолға алынбақ. Жоспар бойынша шамамен 860 құстың санын азайту көзделіп отыр. Бұл жұмыстар ғылыми ұйымдармен бірлесіп жүргізіледі.
– Қазіргі уақытта аквамәдениетке жарамды жаңа су айдындарын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Кез келген Қазақстан Республикасының азаматы басқармаға жүгініп, осы су айдындарын тізімге енгізу бойынша ұсыныс бере алады. Егер инвестициялық жобалар болса, біз оларды паспортизациялап, аквамәдениет мақсатында пайдалануға мүмкіндік жасаймыз. Сонымен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың балық шаруашылығына келтірген залалын өтеу жұмыстары да күшейтіледі, – деді спикер.
Жиын қорытындысы бойынша саладағы мәселелерді шешу бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды.