Успен ауданында астық дақылдарын егу жұмыстары жаздың басына дейін аяқталуы мүмкін

Успен ауданында астық дақылдарын егу жұмыстары жаздың басына дейін аяқталуы мүмкін
Фото: Есенжол Исабек

Облыс әкімі Успен ауданына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Нұрболат Мақашев көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, астық дақылдарын әртараптандыру шеңберінде биылғы жылы астық дақылдарының егістік алқабын 5,8 пайызға төмендетіп, оның ішінде қарақұмықтың егістік алқабының деңгейін өткен жылғы есебінде 28 мың гектарда қалдырған.

–  Биылғы жылы аудан бойынша жалпы егіс алаңы 251,8 мың гектарды, оның ішінде астық дақылдары 139 мың гектарды құрайды, – дейді Нұрболат Мақашев.

Ол майлы дақылдар 82,7 мың гектарды құрап, өткен жылғымен салыстырғанда 10,7 пайызға артқанын атап өтті. Оның ішінде 82 мың гектар жерге күнбағыс дақылдары егілгенін жеткізді. Сонымен қатар, өткен жылдары суару алқаптары бойынша жүргізілген инвестициялық жобалар шеңберінде биылғы жылы картоптың егістік алқабын 500 гектарға жеткізіп, 15,7 пайызға арттырған.

Аудан әкімшілігі көктемгі дала жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу мақсатында ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне 2199,8 миллион теңге несие берілгенін алға тартты.

Олардың ішінде «Ажболат» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке 1,158 миллион теңге, «КАФ» акционерлік қоғамына 299,4 миллион теңге, «СПК «Павлодар» акционерлік қоғамына 455 миллион теңге, «АКК» акционерлік қоғамына 287 миллион теңге несие берілді.

Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес минералды тыңайтқыштарды енгізу бойынша жұмыстарды күшейткен. Жоспар бойынша 17,7 мың тонна берілсе, қазіргі уақытта 9,4 мың тонна тыңайтқыштар алынды.

Аудан әкімі жылына 5,6 пайыз техника бойынша жаңарту жұмыстары жүргізілетінін де атап өтті.

Ауданда 252 мың гектардың астық дақылдары бойынша 50 пайызы, майлы дақылдар бойынша 77 пайызы аяқталған. Алдағы бес күн ішінде аудан бойынша толықтай егілетін болады. Астық дақылдары бойынша ғылыми топтың берген ұсыныстарына сәйкес 5 маусымға дейін аяқтайтынын жеткізді.

Биыл жалпы 18,9 мың тонна тұқым егіледі. Оның ішінде, 17,7 мың тонна дәнді дақылдар, 0,5 мың тонна майлы дақылдар, 0,3 мың тонна мал азығы, 0,4 мың тонна картоп. Элиталық репродукция – 2,7 мың тонна, бірінші репродукция 8,9 мың тонна.

Облыс әкімі жалпы егістікте дақылдардың теңдестіру жұмыстарын жүргізуді және дәнді дақылдардан майлы дақылдарға көшіп, көкеністерге үлес қосу керектігін тапсырды.

–  Шаруашылықтардың дәнді дақылдардан кірісі азайып келеді. Өйткені бағасы төмен, бәсекелік нарықта, дәнді дақылдарды өңдеу бойынша компаниялар көбейіп кетті. Ал, майлы дақылдардың бағасы жылдан-жылға өсіп келеді. Сондықтан майлы дақылдарды өсіруге көшу керек, – дейді Асайын Байханов.

Аймақ басшысы Успен ауданы маңызды болғандықтан, тапсырма бойынша жұмысты жалғастыру керек екендігін атап өтті.

Айта кетейік, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне 3260 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай, қазіргі уақытқа дейін 2975 тонна өтініштер жіберіліп, 2575 тонна қаражат төленді. Көктемгі дала жұмыстары біткенше толықтай төленеді.

Жалпы жұмыстарға техникалар 100 пайызға кірісті. Оның ішінде 871 бірлік тракторлар, 37 бірлік себу кешендері және 603 бірлік егін сепкіш техникалар.