Павлодарда заңсыз салынып жатқан көпқабатты үй бұзылатын болды
Тұрғын үй М. Горький көшесі, 46 мекенжайы бойынша 93,2 шаршы метр жерде тұрғызылған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бес қабатты тұрғын үйдің заңсыз құрылысы туралы хат алған соң нысанда жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Бұл ретте жер телімі жеке тұрғын үй салуға арналған. Алайда жобалық-сметалық құжаттаманың жоқтығына қарамастан, үш қабатты үй тұрғызылған.
– Көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысының басталғаны туралы хабарлама берілмеген. Бұған қоса, жерге тиісті құқық, сәулет-жоспарлау тапсырмасы, жобалау-сметалық құжаттама болмаған. Нысан өз бетінше салынған құрылыс болып табылады және құрылыс салушының іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгілері көрінеді, – делінген Павлодардың әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысында.
Сотта «MALAISARY GROUP» ЖШС директоры құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсін мойындаған, бірақ құрылысты бұзбауды өтінген. Ол барлық құрылыс талаптары ескерілгенін, құрылыс материалдары мен ғимараттың құрылысына сәйкестік сертификаттары бар екенін айтып ақталған. Сондай-ақ рұқсат алу үшін құжаттарды мемлекеттік органдарға жібергенін айтқан.
Дегенмен «Malaisary GROUP» ЖШС әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Максим Горький көшесі, 44, 46 мекенжайы бойынша заңсыз салынып жатқан құрылысты мәжбүрлі түрде бұзу, мемлекет кірісіне 103 500 теңге сомасында айыппұл салу туралы шешім қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, 10 ақпанда М.Горький көшесі, 46 мекенжайында кран жақын маңдағы дүкенге құлаған болатын.