Павлодарда үздік дене шынықтыру мұғалімін анықтады

Павлодарда үздік дене шынықтыру мұғалімін анықтады

М.Әлімбаев атындағы ЖОМ «Ең үздік дене шынықтыру мұғалімі-2023» қалалық байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, байқауға А. Шамкенов атындағы, № 17, 21, 24, 26, 29, 35, 39, 41, С. Торайғыров атындағы, А. Байтұрсынов атындағы, Ж. Тәшенев атындағы, М. Әуезов атындағы және Қ. Мақпалеев атындағы мектептерден 14 мұғалім қатысты.

– Байқау ережесі бойынша қатысушылар «Жаңашыл-педагог» атты Рitch-презентация өткізді - өздерін және өз мамандықтарын, инновациялық идеяларды, педагогикалық жұмыс тәжірибесін жинақтау материалдарын, олардың нәтижелерін ұсынды. Сондай-ақ сабақтарға инновациялық формалар мен әдістерді қолдану, өз сабақтарына талдау жүргізу және сұрақтарға жауап беру арқылы ашық сабақтар өткізді, – дейді ұйымдастырушылар. 

Қазылар алқасының құрамында Павлодар қаласы білім беру бөлімінің өкілдері, қала мектептерінің мұғалім-шеберлері болды. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарға 6 қатысушы ие болды және 4 қатысушы номинация иегерлері атанды.

Байқаудың бас жүлдесін М. Әуезов атындағы ЖОМ мұғалімі Дулат Мұхамеджанов, I орынды – Сергей Дмитриев, № 26 ЖОМ мұғалімі, II орынды – Әсет Мақажанов (№41 ЖОМ), Дарья Евсеева (№21 ЖОМ), III орынды – Саян Темірбаев (№17 ЖОМ), Азамат Сәрсенбаев (А. Байтұрсынұлы атындағы ЖОМ) иеленді. 

«Шабыт» номинациясы А.Шамкенов атындағы лицей-мектебінің мұғалімі Азамат Қарғожинов, «Ізденімпаз» номинациясының иегері Мұрат Сұлтанғазин (Ж. Ташенев атындағы ЖОМ), «Тәлімгер ұстаз» номинациясын Людмила Терехова (С. Торайғыров атындағы ЖОМ) және Райымбек Бахитовқа (№35 ЖОМ) бұйырды. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, байқау номинанттары Павлодар қаласы білім беру бөлімінің грамоталарымен марапатталды. Байқау жеңімпаздары байқаудың облыстық кезеңіне қатысады.