«Павлодар» АЭА-да жаңа жолдың құрылысы басталды
Жоба іске асқан соң арнайы экономикалық аймақтың жол желісі 100 пайызға қамтылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің мәліметінше, Солтүстік техникалық дәліз бойында ұзындығы 4,7 шақырым болатын автомобиль жолы салына бастады. Жобаның мердігері – «Гордорстрой» ӨКФ ЖШС. Келісімшарттың жалпы құны 950 миллион теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 15 арнайы техника жұмыс істеп, жол төсемін жоспарлау жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа жол «УПНК-ПВ», «ISG Solutions», «ТехноСталь», «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты», «BatyrFire», «Спецпромсервис» және «КазРециклен» сияқты бірқатар ірі кәсіпорындарға қолайлы қатынасты қамтамасыз етеді.
Бұған дейін аймақтағы автомобиль жолдарының ұзындығы 4,6 шақырым болатын. Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін бұл көрсеткіш 9,3 шақырымға жетіп, АЭА аумағындағы барлық жолдар бірыңғай желіге біріктіріледі.