Павлодарда жарты жылда 55 мыңнан астам жылжымайтын мүлік құқығы тіркелді

Павлодарда жарты жылда 55 мыңнан астам жылжымайтын мүлік құқығы тіркелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазіргі уақытта азаматтар сатып алу-сату мәмілесін тікелей Халыққа қызмет көрсету орталықтарында рәсімдей алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында биылғы алты айда жылжымайтын мүлікке қатысты 55 622 құқық мемлекеттік тіркеуден өтті. Оның 25 318-і Павлодар қаласына тиесілі болса, 35 314 тіркеу облыстағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы рәсімделген.

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы хабарлады.

Мекеме мамандарының айтуынша, жылжымайтын мүлікті сатып алу, сату немесе сыйға тарту туралы шарттың жасалуы меншік құқығының автоматты түрде рәсімделгенін білдірмейді. Меншік құқығы тек мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана заңды күшіне енеді.

– Қазіргі уақытта азаматтар сатып алу-сату мәмілесін тікелей Халыққа қызмет көрсету орталықтарында рәсімдей алады. Мұнда нотариаттық куәландыруды талап етпейтін сатып алу-сату шартын әзірлеу, сондай-ақ меншік құқығының ауысуын мемлекеттік тіркеу қызметтері көрсетіледі, – деді филиалда. 

ХҚКО мамандары заң талаптарына сәйкес сатып алу-сату шартын дайындауға көмектеседі немесе тараптар өздері әзірлеген құжаттың дұрыстығын тексереді. Осыдан кейін құжаттар мемлекеттік тіркеуге қабылданады.

Қызмет құны жеке тұлғалар үшін – 11 мың теңге, заңды тұлғалар үшін – 15 мың теңге. Ал егер сатушы мен сатып алушы шартты алдын ала өздері дайындаған болса, ХҚКО қызметкерлері құжатты тексеріп, тараптардың қолтаңбаларын салыстырады және оны мемлекеттік тіркеуге тегін қабылдайды.

Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, жылжымайтын мүлік мәмілелеріне қажетті құжаттардың бірыңғай тізімі жоқ. Құжаттар топтамасы мүлік түріне, меншік құқығының пайда болу негізіне және мәміленің ерекшеліктеріне қарай өзгереді. Дегенмен барлық жағдайда меншік құқығын растайтын құжат міндетті түрде ұсынылуы тиіс.

Мамандар құжаттарды рәсімдеу кезінде уақыт жоғалтпау үшін ХҚКО-ға бармас бұрын қажетті құжаттардың толық тізімін алдын ала нақтылап алуға кеңес береді.