Павлодарда мемлекеттік грант қолдауы білім беру орталығының дамуына серпін берді

Павлодарда мемлекеттік грант қолдауы білім беру орталығының дамуына серпін берді
Фото: Есенжол Исабек

Шаһарда балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасап отырған білім беру орталықтарының бірі – «Адель» білім беру орталығы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық бүгінде жүздеген баланы қамтып, мектепке дейінгі дайындық, қосымша білім беру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағытында қызмет көрсетіп келеді. Биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында орталықтың жаңа филиалы ашылып, балаларға арналған мүмкіндіктер аясы одан әрі кеңейді.

– Біз алғаш жұмысымызды балаларды мектепке дайындаудан бастадық. Уақыт өте келе ата-аналардың сұранысына қарай қосымша бағыттарды енгіздік. Қазір орталығымызда мектепке дайындық курстары, жарты күндік балабақша, ағылшын тілі сабақтары, логопед қызметі, сурет салу және би үйірмелері жұмыс істейді. Балалардың жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдайды жасауға тырысамыз, – дейді орталық директоры Қанат Сапаров.

Орталықтағы топтар балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жасақталады. Мектепке дайындық топтарында шамамен 10 бала білім алса, балабақша топтарында 15 балаға дейін тәрбиеленеді. Бұл балаларға жеке көңіл бөліп, оқу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Оқу үдерісінде заманауи әрі тиімді әдістемелер пайдаланылады. Орталық Алматы қаласындағы лицензияланған және аккредиттелген компания әзірлеген авторлық білім беру бағдарламасымен жұмыс істейді. Бағдарлама тоғыз айлық негізгі курс пен үш айлық интенсивті оқытуға бейімделген.

Білім беру бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрады. Негізгі дайындық курсы қыркүйек айынан маусым айына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында балалар мектеп бағдарламасына қажетті оқу, жазу, есептеу және логикалық ойлау дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде үш айлық интенсивті курстар ұйымдастырылады.

– Біз бұл бағдарламамен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Оқу материалдары балаларға түсінікті әрі жүйелі құрылған. Бағдарламаның тиімділігіне көз жеткіздік. Сондықтан оны оқу процесінде тұрақты қолданамыз, – дейді Қанат Сапаров.

Орталықтың дамуына әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау аясында берілген мемлекеттік грант үлкен ықпал еткен. Өткен жылы кәсіпкер бес миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік гранттың иегері атанған.

Грант қаражаты жаңа филиалдың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталды. Нәтижесінде орталық заманауи интерактивті панельдермен, жаңа үлгідегі парталармен, үстелдермен және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

– Біздің мақсатымыз – балаларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Қазіргі заманғы технологияларды пайдалану білім беру сапасын арттырып қана қоймай, балалардың сабаққа деген қызығушылығын күшейтеді. Сондықтан грант қаражатын толықтай оқу жағдайын жақсартуға жұмсадық, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде жаңа филиалда 45-ке жуық бала білім алып жатыр. Ал барлық филиалдарды қоса есептегенде орталық қызметін 200-ге жуық бала пайдаланады.

Орталықтың маңызды бағыттарының бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс. Қазіргі уақытта мұнда үш ерекше балаға арнайы мамандар жеке сабақ өткізеді.

– Бізде логопед пен дефектолог жұмыс істейді. Ерекше балалармен тек жеке форматта жұмыс жүргізіледі. Себебі әр баланың қажеттілігі әртүрлі. Мұндай қызметтер біз орналасқан –  Усолка шағын ауданында өте аз болғандықтан, бұл бағытты дамытуды маңызды деп санаймыз, – дейді Қанат Сапаров.

Білім беру сапасын арттыру мақсатында педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Мұғалімдер тұрақты түрде арнайы оқыту курстарынан өтеді. Әр апта сайын ұжымдық кездесулер ұйымдастырылып, сабақ беру әдістемелері мен жаңа бағдарламалар талқыланады.

Бүгінде орталықта жеті педагог пен бір әкімші жұмыс істейді. Мемлекеттік гранттың арқасында үш жаңа жұмыс орны ашылған.

Қанат Сапаровтың өзі де білім беру саласына кездейсоқ келмеген. Алғашқы мамандығы бойынша шет тілі пәнінің мұғалімі болған ол бұған дейін Назарбаев Зияткерлік мектебінде қызмет атқарған.

– Балалардың дамуын бақылау, олардың жетістіктерін көру маған ерекше қуаныш сыйлайды. Сондықтан білім беру саласын таңдадым. Біз үшін ең бастысы – баланың жан-жақты дамуы. Сол себепті мектепке дайындық бағдарламасына ағылшын тілін енгіздік. Сонымен қатар, сурет салу мен би үйірмелерін ұйымдастырдық. Балабақша тәрбиеленушілеріне логопедиялық көмек көрсетіледі, – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, Павлодар қаласында білім беру орталықтарына деген сұраныс әлі де жоғары. Сондықтан орталық алдағы уақытта қызмет аясын кеңейтіп, тәжірибелі мамандарды тартуды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, 2024 жылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне гранттық қаржыландыру мемлекеттік қызмет форматына көшіріліп, кәсіпкерлерге өз жобаларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ұсынылды. Бүгінде өңірде ондаған әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылып, халықтың әлеуметтік осал топтарына қызмет көрсететін кәсіпкерлердің саны артып келеді. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне конкурс негізінде бес миллион теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік грант беріледі. Қаржылай қолдау кәсіпкерлердің қолданыстағы жобаларын кеңейтуге, жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және әлеуметтік бағыттағы қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.