Павлодарда жастар мен қоғам өкілдері жаңа Конституция баптарын талқылады
Шаһарда «Білім алу құқығы: ашық диалог қоғаммен» атты диалог алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара жаңа Конституция жобасындағы білім алу құқығы, мемлекеттік кепілдіктер және білім беру жүйесінің ел дамуына қосатын рөлі мәселелерін түсіндіруге арналды. Оған депутаттар, жергілікті коалиция штабының мүшелері, академиялық қауымдастық өкілдері, студенттер, педагогтар және қоғамның белсенді азаматтары қатысты. Жалпы, 200-ден астам адам жиналды.
Кездесудің басты спикерлері — Мәжіліс депутаттары Жаркынбек Амантай, мен Ислам Сұңкар болды. Іс-шара форматы ашық диалогқа негізделіп, қатысушылар Конституциядағы негізгі баптарды талқылап, сұрақтарын қойып, толық түсінік алды.

Мәжіліс депутаты Ислам Сұңкар өз сөзінде Конституциядағы негізгі өзгерістерді түсіндірді.
– Конституцияда «тегін» деген сөзді «ақылы емес» деп ауыстыру қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Бірақ бұл өзгеріс азаматтардың құқығын кемітпейді. Мысалы, мемлекет білім беру мен медициналық қызметтерге қаражат жұмсайды: мұғалімдер, мектеп инфрақұрылымы, оқу құралдары бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Сондықтан қызмет толық «тегін» деп айту заң тұрғысынан дұрыс емес. Дегенмен, азаматтар үшін бұл қызметтер қосымша төлемсіз беріледі. Басты кепілдіктер өзгеріссіз қалады: әрбір қазақстандық бастапқы және орта білім алуға құқылы, ал жоғары білім алу мемлекет гранттары және конкурс арқылы қолжетімді, – деді ол.
Сонымен қатар, депутат білім беру сапасын арттыру үшін шетелдік тәжірибелерді енгізу арқылы студенттердің білім сапасы мен адами капиталдың деңгейін көтеруге болатынын атап өтті.
– Қысқаша айтқанда, бұл өзгерістер азаматтардың әл-ауқатына кері әсер етпейді, керісінше білім мен әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған, – деді Ислам Сұңқар.
Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко өз сөзінде жастар мен қоғамның белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
– Біздің активіміз жерлестер ұсынған бастаманы іске қосты – 15 наурыздағы референдумға ұлттық киіммен қатысуға арналған челлендж. Біз бұл бастаманы кеңінен қолдадық: облыстың 300 мүшесі әлеуметтік желілерде қолдау білдірді. Менің ойымша, бұл бастама өте маңызды — ол біздің бірлігіміз бен келісіміміздің нақты дәлелі. Жалпы, жастар мен бүкіл қоғамның қатысуы арқылы Конституциядағы өзгерістерді түсіндіру және бірлікті көрсету маңызды, – деді ол.
Павлодарда өткен ашық диалог жастарға Конституциядағы жаңа баптарды толық түсінуге, олардың құқықтары мен міндеттерін нақтылауға, сондай-ақ қоғамдағы бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара болды.