Павлодарда ұлттық нақышта безендірілген пойызды бауырсақпен қарсы алды
Электр пойызы Астана қаласынан келіп жеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Наурыз мейрамы қарсаңында елордалық вокзал перронынан ұлттық стильде безендірілген №3/4 «Астана-Алматы», №85/86 «Астана-Шымкент» және №7501/7502 «Астана-Павлодар» электр пойызы аттанған болатын. Безендірілген пойыздармен үш қалаға жеткен жолаушылар үшін домбырада музыкалық сүйемелдеу ұйымдастырылып, наурыз көже ұсынылды, бауырсақтар таратылды.
– Елімізде аталып өтетін мерекелермен жолаушыларды құттықтау компанияның дәстүрінің маңызды құрамдас бөлігі. Айта кетейік, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамдық компаниясы жыл сайын жолаушыларға мерекелік көңіл күй сыйлай отырып, пойыздарды ерекше стильде безендіруді әдетке айналдырған, –деп атап өтті, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжанов.
Этникалық стильдегі пойыздар наурыз айының соңына дейін жүреді.
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі