Асайын Байханов: Мақсат – Павлодар ауданын облыстың басты азық-түлік белдеуі ету

Асайын Байханов: Мақсат – Павлодар ауданын облыстың басты азық-түлік белдеуі ету

Ауданда облыстағы көкөністің жартысына жуығын өндіреді. Сондай-ақ аудан сүт өндірісі бойынша бірінші орында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Новоямышево ауылының мәдениет үйінде Павлодар ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты. 

Аймақ басшысы Павлодар ауданы 27 мыңға жуық халқы бар облыстағы ірі ауданның бірі екенін атап өтті. Ауданда облыстағы ауыл халқының 12 пайызы тұрады. 

– Павлодар ауданының ауыл шаруашылығы бойнша әлеуеті жоғары. Біздің басты мақсатымыз – ауданды облыстың басты азық-түлік белдеуі ету. Өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 13 жылда болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп, 6,2 млрд теңгенің өнімі шығарылды. 2010 жылға қарағанда көрсеткіш 7 есеге өсті, - деді Асайын Байханов.

Облыс әкімінің айтуынша, аудан облысты көкөністің 47 пайызымен, картоптың 12 пайызымен қамтиды. Биыл мұндағы егін алқабы 137,2 мың га болады деп жоспарлануда. 

Сондай-ақ Асайын Байханов аудан суармалы жер көлемі бойынша облыста 2-орында екенін айтып, аудан әкіміне тапсырма берді.

– Аудандағы 24,7 мың гектар суармалы жер бар. Әрі қарай суармалы жерді кеңейтумен айналысу керек. Кеше Ертіс-Успен каналының құрылысымен таныстым. Бұл канал қосымша 10 мың гектар суармалы жер енгізуге көмектеседі, – деді облыс әкімі. 

Аудан сүт өндіру бойынша 1-орынды алады. Жылына 52 мың тонна сүт өндіріледі. Соңғы 3 жылда сүт өндіру көлемі 30 пайызға артты. Аудан ірі қара мал басы саны бойынша 3-орында тұр.

– Ауданда облыстағы жалғыз, республикадағы екінші күркетауық етінің өндірісі бар. 80 мыңға жуық құс ұстайды. Бұл өндірісті кеңейту жоспарлануда. Алдағы уақытта 11 мың бас күркетауыққа арналған 3 құс қорасы салынады, - деді Асайын Байханов.

Сонымен қатар, Павлодар ауданы көкөніс қоймасы бойынша да облыста 1-орында. Барлығы 52 қойма бар. Жалпы сыйымдылығы 142 мың тоннаны құрайды.

Фото: ашық дереккөздерден