Павлодар облысында егін жинау науқаны жартылай аяқталды
Бүгінде орындалған жұмыстар белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Ерғанат Аубәкір мәлім етті.
– Биыл облыс бойынша жалпы егін жинау алаңы 1 миллион 267 мың гектарды құрайды. Дәнді дақылдар 459 мың гектар алқапта жиналды, оның 205 мың тоннасы бастырылды және орташа өнімділігі 4,5 ц/га құрайды. Былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе аз, – деді спикер.
Ал картоп – 13 мың гектар, көкөністер 4,2 мың гектар жерде жиналды. Картоптың жалпы өнімі – 440 мың тонна болса, көкөністердің өнімі – 170 мың тоннаны құрайды. Жалпы егін жинау науқанына 2284 комбайн, 1033 орақ, астық тасуға 2668 автокөлік және 1275 трактор тіркемесі тартылды.
– Егін жинау науқаны жауын-шашынның түсуіне байланысты 50%-ға орындалды. Енді қолайлы ауа райы тұрақталған кезде егін жинау науқанын қазанның бірінші не болмаса екінші онкүндігінде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Ерғанат Аубәкір.
Оның сөзінше, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 38 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бұл – өткен жылдан 15,8 мың тоннаға артық.
Айта кетейік, биылғы егіс алқабы 1 миллион 649 мың гектарды құрайды. Бұл – дәнді дақылдар, күнбағыс және картоп дақылдарын кеңейту есебінен өткен жылғы деңгейден 80 мың гектарға артық. Ал дәнді және майлы дақылдардың қураған егістіктерінің жалпы ауданы 187 мың гектарды құрайды.