Павлодарда жаңа күйдің тұсауы кесілді
Орталық жағажайда Ұлттық домбыра күні атап өтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Ertis Promenade сахнасында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шараға облыстық филармония мен «Шаңырақ» орталығының 80-нен астам дәстүрлі өнерпазы, «НҰР» би ансамблі, жеке орындаушылар мен «РУХ» этно-микс ансамблі өнер көрсетті.
– Жылдағы дәстүр бойынша қазақтың классикасын дәріптеу мақсатында осындай концерттік бағдарлама ұйымдастырылуда. Жалпы, бір жарым сағаттық қойылымда 20-дан астам нөмір көрсетілді,– дейді Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның басшысы Амангелді Қожанов.
Спикердің мәліметінше, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің күйшісі, сыбызғышысы айтулы мерекеге орай концертте «Алаш қырандары» атты авторлық күйінің тұсауын кесті. Бұл күйді олар оркестрмен ойнап берді.
Еске сала кетейік, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты жылжымалы сахна өнер көрсетті. Олар қаланың басты көшелерінде домбыраның үнін орындап, концерт қойды.