Павлодар облысында қаңғыбас иттердің мәселесі көтерілді
Облыс әкімі Асайын Байханов тікелей эфирде тұрғындардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу кентінің тұрғындары қаңғыбас иттердің күрт көбейгеніне алаңдаулы. Тұрғындардың айтуынша, иттер үйірге бірігіп, адамдарға қауіп төндіруде. Әсіресе, суық мезгілде балалармен серуендеудің өзі қауіпті болып отыр.
Бұл мәселе тек Ақсумен шектелмейді. Тікелей эфир жүргізушілерінің мәліметінше, қаңғыбас иттерге қатысты өтініштер Екібастұз бен Павлодар қалаларынан да жиі түсуде. Көбіне шағымдар кешкі және түнгі уақытта тіркелетіндіктен, тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы бригаданы ұйымдастыру туралы ұсыныс айтылды.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұл мәселенің жүйелі сипатқа ие екенін атап өтті.
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаңғыбас жануарларды атуға немесе жоюға тыйым салынған. Олармен жұмыс белгіленген тәртіп бойынша жүргізіледі: алдымен аулау, кейін арнайы баспанаға орналастыру, тексеру, чиптеу, зарарсыздандыру және жаңа иелерін табу, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, Павлодар қаласында қаңғыбас жануарларға арналған арнайы панажай жұмыс істейді. 2025 жылы шамамен 650 ит ауланған. Соның ішінде 214 ит жаңа иелерін тапса, жүзге жуық жануар зарарсыздандырылып, чиптелгеннен кейін қайтадан ортаға жіберілген. Қалғаны панажайда ұсталуда.
Қаңғыбас жануарлардың көбеюіне бірнеше себеп әсер етуде. Олардың қатарында саяжай аумақтарында маусым соңында қараусыз қалдырылған иттер, құрылыс алаңдарында уақытша ұсталып, кейін босатылған жануарлар, сондай-ақ жауапсыздықпен көшеге тасталған үй жануарлары бар. Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін қалалық панажайда үй жануарларын тегін зарарсыздандыру мүмкіндігі қарастырылған.
Асайын Байханов бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы – жануарларға жауапкершілікпен қарау және оларды көбейтуді жоспарламаған жағдайда міндетті түрде зарарсыздандыру екенін атап өтті.