Павлодарда интернет-алаяқтық саласындағы дропперлер туралы сөз етілді

Павлодарда интернет-алаяқтық саласындағы дропперлер туралы сөз етілді
Фото: Константин Шелков

Полицейлер жергілікті блогерлермен киберқылмыс тақырыбын қозғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық криминалдық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы Ризабек Жанаттың айтуынша, дропперлер алаяқ пен жәбірленуші арасында байланыс тетігі болып табылады. Олар адамдардан ақшаны алдамшы тәсілмен алып, шетелдік шоттарға аударып, шығарады. Әдетте осындай қылмыстың бір бөлігіне жеңіл ақшаға қызығатын жасөспірім айналады. 

– Биыл интернет-алаяқтықтың 400-ден астам фактісі тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда аздаған өсім байқалады, – деді спикер. 

Алаяқтар ақшаны иемденіп алу мақсатында тұрғындардың сеніміне кіру үшін өздерін полицеймін деп таныстырып, құқық қорғау органдарының атымен жамылады. Киберқауіпсіздік қызметкері алаяқтардың құрбаны болып қалмас үшін белгілі бір ережелерді ұстануға кеңес береді. 

– Полиция бөлімшесінің қабырғасында бетпе-бет кездесуді ұсыну арқылы әңгімені бірден тоқату керек. Жеке және банктік шотыңыздың деректерін атамаңыз, сонымен қатар ақшаны ешқайда аудармаңыз, – деп атап өтті ол. 

Полицейлер мүмкіндігінше аз сөйлеуге кеңес береді, себебі алаяқтар сіздің дауысыңызды жазып алуы мүмкін. Кішкентай ғана күдік пайда болса, телефонды дереу қойып, нөмірді бұғаттау керек.