Павлодар облысының судьялары қазақ тілін кәсіби деңгейде меңгеріп жүр
Өңірде судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлеріне арналған қазақ тілі курстары жүйелі түрде өткізіліп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық сотында мамандарға арналған қазақ тілі курстары екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Оқыту Павлодар облысы бойынша Қазақстан Республикасы сот әкімшілігі департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған. Департамент облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына тиісті жазбаша өтініш жолдаған.
Курстардың негізгі мақсаты – тілдік дағдыларды жетілдіру және қазақ тілін кәсіби қызметте қолдану мүмкіндіктерін кеңейту.
Оқу бағдарламасы ресми құжаттар тілін, заң терминологиясын, сөйлеу мәдениетін және кәсіби қарым-қатынас дағдыларын қамтиды. Практикалық сабақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Сабақ барысында тыңдаушылар рөлдік ойындар арқылы сот отырыстарын модельдейді. Мұндай тәсіл кәсіби лексиканы меңгеруге және мемлекеттік тілді сот тәжірибесінде сенімді қолдануға көмектеседі.
Курстар 2025 жылдан бері аптасына екі рет өткізіліп келеді. Қазіргі уақытта сабақтарға 15 адам қатысады.
Павлодар облыстық сотының судьясы Вероника Шевченконың айтуынша, сабақтар тілдік білімді жетілдіріп қана қоймай, оны тікелей кәсіби қызметте қолдануға мүмкіндік береді.
– Сабақтарда грамматикалық ережелерді үйреніп, сөздік жүргіземіз, практикалық тапсырмаларды орындаймыз, сөйлемдерді дұрыс құрастырып, өз ойымызды мемлекеттік тілде жеткізуді меңгереміз. Кәсіби лексикаға ерекше назар аударылады: сот процесіне қатысушыларға арналған сөздерді құрастырып, азаматтық және қылмыстық істерді қазақ тілінде жүргізуді пысықтаймыз, қажетті тілдік оралымдарды үйренеміз, – деді Вероника Шевченко.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, тәжірибеге бағытталған оқыту форматы заң терминологиясын тиімді меңгеруге және мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.