Павлодар ауданында жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері талқыланды
Жиналыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру сынды тақырыптар талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Дидар Ибраевтың айтуынша, биылғы жылдың басынан бері еңбек ресурстары артық өңірлерден 86 адам Павлодар ауданына қоныс аударған. Бұл көрсеткіш еңбек мобильдігін арттыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, 42 қандас өз болашағын ауданмен байланыстыруды шешкен.
– Табиғи өсімнің оң серпіні мен көші-қон көрсеткіштерінің жақсаруына қарамастан, соңғы жылдары аудан халқының саны азаю үрдісі байқалады. Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша халық санының төмендеу себептерін анықтау үшін терең талдау жүргізудемін. Нәтижесінде жағдайды түзетуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспары қабылданады, – деді аудан әкімі.
Кездесуде ауылдық округ әкімдері мен уәкілетті органдарға бірқатар тапсырмалар берілді. Атап айтқанда: жаңа жұмыс орындарын құру, өңірлік жұмыспен қамту картасының индикаторларын толық орындау, жеке тұрғын үй құрылысына жағдай жасау, ауылдық жерлерде жаңа өндірістер ашуға және бизнесті дамытуға қолайлы орта қалыптастыру, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын күшейту, жұмысшы мамандықтарын насихаттау және мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру және көші-қон үдерістерін бақылауда ұстау, жалған тіркеу жағдайларын болдырмау.
Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспайтын азаматтар санының азаюы байқалуда. Жыл басында тіркелмеген азаматтар 4623 адамды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 3248 адамға дейін төмендеген.
Аудан басшысының айтуынша, сақтандырылмаған азаматтардың арасында нақты жұмыс істейтін, алайда олар үшін әлеуметтік төлемдер аударылмайтын тұлғалар бар. Бұл бағытта еңбек қатынастарын заңдастыру және жұмысшылардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар жалғасады.