Павлодарлық дін қызметкерлері бейбітшілікті сақтаудың жолдарымен бөлісті
Облыста 13 конфессияны қамтитын 166 діни бірлестік тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Балтабай Қаппасовтың айтуынша, 18 қазанда Қазақстанда Рухани келісім күні аталып өтеді.
– Облыстың барлық аудандарында мерекелік шаралар өтеді. Облыстағы жалпы білім беретін мектептерде Рухани келісім тақырыбында тақырыптық сабақтар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, эсселер дайындалады. Қалалық және облыстық кітапханаларда конфессия өкілдері, мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен кездесулер мен көрмелер ұйымдастырмақ, – деді Балтабай Қаппасов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Облыстың бас имамы, облыстық Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің уәкіл имамы Жолдас Бертімұратов діни сеніміне қарамастан, барша қазақстандықтардың бірлігін сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Әріптесті Қазақстан Православие шіркеуі Павлодар епархиясының діни ағарту және катезия бөлімінің меңгерушісі, діни қызметкер Артемий қолдады.
– Православие шіркеуі әрқашан бүкіл әлемнің тыныштығы мен амандығы үшін дұға етеді, мемлекетіміздің билігі мен әскерилері үшін дұға етеді. Түрлі секталар енгізіп жатқан алауыздықтан халық сақтанса екен деймін, – дейді діни қызметкер.
Рим-Католик шіркеуінің қараушысы Томаш Бартчактың айтуынша, қоғамдағы келісімді нығайту – діни қызметкерлердің, имамдардың, өзге де дін қызметкерлерінің, жалпы қазақстандықтардың күнделікті мәселесі.
– Қазіргі әлемде әртүрлі негіздер бар көптеген алауыздықтар, қақтығыстар мен соғыстар орын алуда. Діннің бұдан да көп бөлінбей, сыйластық пен төзімділікке үйреткені қуантады, – дейді Томаш Барчак.
Айта кетерлігі, облыста 108 мешіт, 25 православие, 21 протестанттық және сегіз католик шіркеуі бар.