Павлодарда ұлттық киімде интеллектуалды сайыс өтті
Іс-шара бес кезеңді қамтыды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мәліметінше, алғаш рет өткізілген «MI TREND» интеллектуалды сайысына әр саладан жиналған жас мамандар қатысты. Олар – мәдениет саласының жастары – Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мамандарынан құралған «Жасампаздар» командасы, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әртістерінен құралған «Серпер» командасы, «Шаңырақ» ХШО-ның мамандарынан құралған «Шаңырақ» командасы, Павлодар қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және облыстық арнайы кітапханасының кітапханашыларынан құралған «Шамшырақ» командасы, Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры әртістерінен құралған «Театр ALL» командалары.
– Қызықты және тартысты өткен сайыста командалар өздерінің тапқырлықтары мен білімдерін жалпы сұрақтар шегінде тоғыстыра отырып, әдебиет, өнер, салт-дәстүр, әлем және тарих бағыттары бойынша берілген тапсырмалардан жүйелі ойлау қабілеттерін көрсете алды. Сондай-ақ, сайыстың ерекшелігі ұлттық киімдегі дресс-код және тоғызқұмалақ ойыны қамтылды, – дейді ұйымдастырушылар.
Сайыста делебесі қозған «Шаңырақ» ХШО-ның және Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әртістері ән шырқап берді. Қазылар алқасының шешімімен «Шаңырақ» командасы оза шауып, келесі дода бөліміне жолдама алды.
Сайыс соңында командаларға Алғыс хаттар және сыйлықтар табысталды.