Павлодарда әртүрлі ұлттардың бесік жыры шырқалды

Павлодарда әртүрлі ұлттардың бесік жыры шырқалды
Фото: автор

Өңірдің әр қала мен аудандардағы Аналар кеңесінің төрайымдары баланың тәрбиесі тал бесіктен басталатынын көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасын жүзеге асыру аясында Павлодар облысы ҚХА Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен дәстүрлі облыстық «Бесік жыры» байқауы өтті. Бұл шара – ұлттық құндылықтарды сақтауға, аналардың тәрбиелік рөлін күшейтуге, баланың рухани дамуы бесіктен басталатынын насихаттауға бағытталған маңызды іс-шара.

Павлодар облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова байқаудың ерекшеліктерін атап өтті.

– Бұл – облыстық бесік жыры байқауының бесінші жылы. Жыл сайын біз қарашада облыстық Аналар кеңесінің форумын өткіземіз. Бұл форумда ең алдымен жыл бойғы жұмысымыздың қорытындысын шығарамыз: қандай жобаларды іске асырдық, қандай мақсаттарға жеттік, енді алда не істейміз – осының бәрін талқылаймыз, – деді ол. – Биыл біздің барлық негізгі жобаларымыз аяқталды. Сондықтан форумды ерекше форматта өткізуді ұйғардық. Шара төрт бағыт бойынша ұйымдастырылды.

Алғашқы бағыт – «Бесік жыры» байқауына бұған дейін барлық этномәдени орталықтардың кез келген мүшесі қатыса алатын. Ал биыл Ассамблеяның 30 жылдығына байланысты тек Аналар кеңесінің төрайымдары ғана қатысты. 

– Біз бала тәрбиесімен тікелей айналысамыз. Сол себепті ең бастысы – баланың тәрбиесі бесік жырынан басталатынын үнемі айтып жүреміз. Бұрын «бала туғаннан кейін тәрбиелеу керек» деп айтатын. Ал қазіргі ғылым бойынша баланың тәрбиесі жатырынан басталады. Сондықтан ана жүктілік кезінде-ақ бесік жырын үйреніп, бала туғаннан кейін бесік жырымен әлдилесе, балаларымыз мейірімді, сабырлы, бақытты болып өседі деп ойлаймын, – дейді Бақытжамал Максилова.

Облыстық Аналар кеңесінің мүшесі, Ақсу қаласы Аналар кеңесінің төрайымы Рымкеш Сламбекова байқауға қатысуының мәнін түсіндірді.

– Төрайымдар қатысады деген кезде, әрине, көп ойландым. Өйткені мұны дұрыс көрсету керек қой. Бұл – кейінгі ұрпаққа қалатын өнеге. Біз кәсіби әртістер емеспіз, бірақ бесік жырының қасиеті, оның құдіреті – ананың балаға деген мейірімі. Бала өскен кезде бұл оған аманат сияқты қалып қояды, – дейді ол. 

Қазіргі эстрададағы түрлі әндерден бөлек, бесік жыры – адамның ішкі жүрегінен шығатын, мейірімді білдіретін ән. Рымкеш апай байқауда «Бөбегім» әнін орындады.

– Бұл әнді ең алғашқы дикторлардың бірі Зұлқия Жұматова 100 жыл бұрын жазған, Қазақстанның белгілі әншісі Жамал Омарованың орындауында шыққан. Біз әртіс болайын деп емес, жүрегіміздің мейірімін жеткізу үшін келдік, – деді ол.

Ал Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім басшысы Ирина Тимиргалиева да алғаш рет қатысып отыр.

– Мен қазақтың ұлттық бесік жырын орындаймын. Баланың тәрбиесі бесіктен басталады. Дәл осы кезеңде оның бойында рухани-адамгершілік құндылықтар қалыптасады, ұлттық дәстүрлер сіңіріледі. Сондықтан бесік жыры – ұрпақтың болашағына салынатын алғашқы іргетас. Ана мейірімі, ұлттық жылулық осы әндерде жатыр. Мақсатым – әннің атмосферасын, ана мейірімін тыңдарманға толық жеткізу, – дейді облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Ирина Тимиргалиева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Бесік жыры» байқауының басты мақсаты – Қазақстан халықтарының ежелгі дәстүрін жаңғырту, өңірде тұратын этностардың ана тіліндегі бесік жырларын дәріптеу және отбасы құндылықтарын, ананың рөлін күшейту.

Қатысушылар өз ұлттарының тілінде бір бесік жырын орындады.

Қазылар алқасы орындаушыларды орындаушылық шеберлік, әнді жеткізу ерекшелігі, сахналық мәдениет пен қойылымның көркемдік тұтастығы критерийлері бойынша бағалады. 

Байқау нәтижелері Павлодар облыстық Аналар кеңесінің форумында барлық мүшелердің қатысуымен жарияланады.