Асайын Байханов: Мұзафар Әлімбаевтың мұрасы ұрпақтардың есінде мәңгі қалады
Бүгін Шарбақтыда балалар жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдық мерейтойы тойлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қаламгердің мерейтойын тамашалауға облыс әкімі Асайын Байханов арнайы келді. Аймақ басшысы жиналғандарды айтулы күнмен құттықтады.
- Мұзафар Әлімбаевтың мұрасы әрбір жас буынның есінде мәңгі қалады. Қаламгер ел Тәуелсіздігін жан жүрегімен жырлаған абыз ақсақалдарымыздың бірі. Саналы ғұмырын ұлтымыздың ұлттық шығармашылығын әлемдік деңгейге дейін көтеруге арнады. Қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген бітімі биік тұлға, - деп атап өтті өңір басшысы.
Мереке барысында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ақынның жеке заттарынан тамаша көрме ұсынды. Олардың қатарында Мұзафар Әлімбаевтың шапаны, домбырасы және фото-суреттері мен жеке құжаттары, қолжазбалары бар.
- Мұзафар Әлімбаевтың үш домбырасы болған. Солардың бірін ақын біздің мұражайға сыйға тартқан еді. Бүгін бұл музыкалық аспап көрмеге қойылды, - деді музей басшысы Ербол Қайыров.
Ақынның мерейтойы қарсаңында қазақ күресі, асық ату, арқан тартыс және қошқар көтеру сияқты спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Әрі Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің концерті кештің сәнін кіргізетін болса, қазақ эстрадасының жұлдыздары Зарина Омарова мен Гүлнұр Оразымбетова шарбақтылықтардың құрметіне ән салмақ.
Айта кетелік, айтулы мерекеге орай Шарбақтыда 16 киіз үй тігілді. Атап өтерлігі киіз үйлердің үшеуін Ақсу қаласы мен Успен және Аққулы ауданы арнайы құрған. Ақшаңқай үйлердің әрқайсысында қонақтарға дәмді тағамдар ұсынылуда.
Сонымен қатар мерекеге орай Шарбақты тарихи-өлкетану мұражайы көрме ұйымдастырса, павлодарлық суретшілер де өз туындыларын тойшыл қауымның назарына ұсынуда.
Еске сала кетейік, қаламгердің мерейтойы Шарбақты ауданындағы кітапханада "Сәуле - ғұмыр" атты дөңгелек үстелмен басталды. Оған облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, ақын-жазушылар мен ғалымдар және Мұзафар Әлімбаевтың балалары арнайы қатысты. Шара соңында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған "Өскенімді ел көрсін" атты кітаптың тұсауы кесілді.
Фото: Сания Уваисова.