Павлодарлық «Арман-шоу» студиясы халықаралық байқауда топ жарды

Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген талантты өнерпаздар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласында VI халықаралық «BRITISH GRAND FESTIVAL» көпжанрлы конкурсы өтті. Қатысушылардың өнерін мәдениет және өнер қайраткерлері, композиторлар, профессорлар мен шоу-бизнес өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады.
Фестивальдің басты мақсаты – түрлі өңірден келген балалар арасындағы достықты нығайту, шығармашылық жетекшілердің кәсіби шеберлігін дамыту және дарынды жастарға қолдау көрсету.
– «Арман-шоу» студиясы «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша өнер көрсетіп, көрермендер мен қазылар алқасын жарқын әрі әсерлі қойылымдарымен тәнті етті. Әрбір қатысушы дайындық деңгейін, сахналық шеберлігін және вокалдық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді. Сайыс қорытындысы бойынша студияның жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген үш тобы да бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар Қайырболат Ибрагим «It’s party time», Калел Рамазан «Feeling Good», ал Ғалым Томирис «Hello» әнімен жеке номинациялар бойынша жеңімпаз атанды, – деп хабарлады М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының баспасөз қызметі.
Барлық жеңімпаздар дипломдармен, кубоктармен және медальдармен марапатталды. Студия жетекшісі Ғалия Жанкаринова балалар шығармашылығын дамытуға қосқан кәсіби үлесі үшін Astana Stars ұйымдастыру комитетінің алғыс хатына ие болды.