Павлодарда әуежайға қымбат жүк көліктерін сатып алуға жол берілмеді
Ұйым жалпы сомасы 64,5 миллион теңгеге екі жүк көлігін сатып алуды жоспарлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, Антикор еріктілері бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды. Еріктілер мемлекеттік сатып алу сайтын мониторингілеу барысында әуежайдың арнайы техниканы жоғарғы бағамен сатып алуды жоспарлағанын анықтады.
Сондай-ақ, 46 миллион 455 мың теңгеге ассенизатор және 31 млн теңгеге самосвал сатып алмақ болған.
– Аталған арнайы техникалардың нарықтағы бағалары әлдеқайда төмен. Мысалы, ассенизатордың бағасы 21 миллион теңге болса, самосвалдың орташа бағасы 25 миллион теңгені құрайды, – деп жазылған хабарламада.
Антикор еріктілерінің араласуынан кейін сатып алу тоқтатылып, шамамен 142 миллион теңгеге бюджеттің тиімсіз пайдаланылуына жол берілмеді. Еріктілер мемлекеттік органдардың басшыларын мемлекеттік сатып алу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауға және бағаны көтеру фактілеріне жол бермеуге шақырды.
Айта кетейік, кез келген адам мемлекеттік сатып алу сайтына мониторинг жүргізіп, осындай фактілерді анықтай алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің еріктілері барлық ниет білдірушілер үшін мемлекеттік сатып алу мониторингі бойынша оқыту жүргізуге дайын.