Павлодарда чакро талдау қаншалықты сұранысқа ие?

Павлодарда чакро талдау қаншалықты сұранысқа ие?
Фото: pexels.com/Pavel Danilyuk

Павлодар қаласында соңғы жылдары өзін-өзі тануға бағытталған түрлі баламалы әдістерге қызығушылық байқалады. Солардың бірі – чакро талдау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы салада жұмыс істеген павлодарлық маман Сания Ахметованың айтуынша, қызметке жүгінетін адамдар көбінесе ішкі күйін түсінуге және өмірлік сұрақтарына жауап іздеуге тырысады.

– Көбіне адамдар мен кіммін, қандай қабілетім бар, өмірде қай бағытта жүргенім дұрыс деген сұрақтармен келеді. Яғни негізгі сұраныс – өзін түсіну, – дейді Сания Ахметова.

Маманның сөзінше, соңғы жылдары мұндай тақырыптарға қызығушылық белгілі бір деңгейде артқанымен, чакро талдауды кең таралған немесе жаппай сұранысқа ие қызмет деп атау қиын. Дегенмен, жеке даму мен ішкі ізденіске бейім аудитория арасында бұл бағытқа қызығушылық бар.

Павлодар – өндірістік өңір болғанымен, соңғы уақытта қала тұрғындары арасында психология, мотивация және өзін-өзі дамыту тақырыптарына деген сұраныс артып келеді. Әсіресе әйелдер қауымы арасында ішкі тепе-теңдік пен өмірлік бағытты анықтауға қатысты түрлі әдістерге қызығушылық байқалады.

Сания Ахметованың айтуынша, чакро талдау барысында адамға оның ішкі ресурстары, мінез ерекшеліктері және өмірлік бейімділіктері туралы түсіндірме беріледі. Консультациялар көбіне жеке форматта өтіп, адамға өзін тереңірек түсінуге бағытталған ақпарат ұсынылады.

– Бұл әдіс адамның өмірін тікелей өзгертіп жібереді деу дұрыс емес. Бұл – бағыт-бағдар беретін құрал. Нәтижені әр адам өз әрекеті арқылы қалыптастырады,  – дейді маман.

Сонымен қатар ол тәжірибесінде кейбір клиенттердің талдаудан кейін өз өміріне деген көзқарасының өзгергенін айтқанын жеткізді. Олардың қатарында жаңа іс бастағандар, жұмысында өзгеріс жасағандар және өзін жақсырақ түсіне бастаған адамдар бар.

Дегенмен, бұл бағытқа қатысты қоғамда әртүрлі пікір бар. Бір бөлігі мұндай әдістерді өзін-өзі танудың құралы ретінде қабылдаса, енді бір бөлігі оған сын көзбен қарайды.

Сания Ахметова мұндай көзқарастарға сабырлы қарайтынын айтады.

– Әр адам ақпаратты өз деңгейінде қабылдайды. Ең бастысы – адамның өзіне деген сұрағы мен ішкі ізденісі, – дейді ол.

Жалпы алғанда, Павлодарда чакро талдау кең таралған ресми бағыт емес, алайда өзін-өзі тануға қызығушылық танытатын белгілі бір аудитория арасында сұраныс қалыптасып келеді.