Павлодар облысында аутизммен ауыратындардың саны екі есеге дейін өскен
Аймақта бүгінгі күні аутизм диагнозы қойылған 503 бала бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатриялық қызмет жөніндегі орынбасары Виктория Ефимова мәлімдеді.
– Бүгінгі күні өңірде 503 балаға аутизм диагнозы қойылған, оның ішінде 276-сы Павлодар қаласы бойынша, 227-сі облыс бойынша тіркелген, – дейді Виктория Ефимова. – Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы 355 бала болса, 2023 жылдың соңында олардың саны 500-ден асты. Яғни әр жыл сайын 40-50 пайызға дейін өсу байқалады.
Маманның айтуынша, аутизмді емдеудің негізгі әдістері дәрілік ем емес, мінез-құлық, білім беру, психологиялық, әлеуметтік әдістерді қамтиды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларға медициналық көмекті жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізуде. Осылайша, «Аутизм спектрінің бұзылуы» клиникалық хаттамасы бекітілді.
– Жас балалар арасындағы аутизмге арналған М-CHAT скринингтік тесті енгізілді, – дейді спикер. – Салауатты өмір салтын насихаттау, алғашқы медициналық-санитарлық көмек кезінде жеке оқыту, ағарту жұмыстары арқылы босанатын әйелдерге қатысты профилактикалық шаралар күшейтілді. Бұл жұмыстарда диагнозды ертерек анықтап, олардың қоғаммен байланысын реттеу маңызды.
Қазіргі уақытта АСБ бойынша мүгедектікті ресімдеу үшін күндізгі стационарлар және психикалық денсаулық орталықтарында ішінара емдеуге жатқызу қарастырылған. Балаларды тәулік бойы ауруханаларда қалдырудың қажеті жоқ. Заманауи тәсілдерге, сондай-ақ клиникалық хаттамаға сәйкес, AСБ диагнозында жас шектеулері жоқ. 18 жасқа дейін AСБ диагнозы қойылған науқаста диагноз 18 жасқа толғаннан кейін де сақталады.
Бұдан бөлек, елімізде 2020 жылдан бастап іске асырылатын «Қамқорлық» бастамасы шеңберінде 16 орталық ашылды. Орталықтардың қызметі балалардағы ерте мүгедектікті анықтауға және алдын алуға бағытталған. Дамуында ауытқулары және олардың туындау қаупі бар жас балалар абилитациялық және реабилитациялық (оңалту) көмек алады, сондай-ақ тексеруден өтеді.
Павлодарда мұндай орталық Жамбыл көшесі, мекенжайында орналасқан. Онда психологтар, дефектологтар, әлеуметтік қызметкерлер балаларды оңалтуға көмек көрсетеді.
– Аутизм диагнозы бар адамдардың миы басқалардан өзгеше жұмыс істейді, – дейді Виктория Ефимова. – Бүкіл әлем ғалымдары бұл мәселені зерттеуде. Нақты себебін әлі ешкім айта алмайды. Бұл ретте, кішкентай балалардағы аутизмді екпелерден болуы мүмкін деп ойлау қателік екенін айтқым келеді. Өйткені қазіргі күннің өзінде ата-аналар екпеден осындай пікірмен бас тартады. Бұған ғылыми дәлел жоқ.
Ағымдағы жылдың 18 наурызында министрлік «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» РМК-мен бірлесіп, АСБ бар балаларға медициналық көмекті ұйымдастыру мәселесі бойынша ата-аналар және сарапшылар қауымдастығымен (онлайн форматта) кездесу өткізді. Оған Павлодар облысының өкілдері де қатысты. Кездесуде аутизмді ерте диагностикалау және емдеу мәселелері, сондай-ақ медициналық әлеуметтік сараптама үшін тексерулер тізбесіне, АСБ және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқыту, диагностикалау және емдеу нысанын таңдауға қатысты мәселелер талқыланған.
ДДҰ мәліметтері бойынша 160 адамның біреуі аутизммен ауырады және бұл адамдар саны жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ, Қазақстанда да аутизм спектрі бұзылған балалар санының артуы байқалады. Елімізде жыл басында тоғыз мыңнан астам адам тіркелген.
Айта кетейік, 2 сәуірде бүкіл әлем 17 жыл бойы аутизм мәселесі туралы халықаралық ақпарат тарату күнін атап келеді. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен аутизммен ауыратын балалар санының өсуіне алаңдаушылық білдіру мақсатында 2007 жылы бекітілген. Дәл осы күн аутизм туралы ақпаратты арттыруға және аутизммен өмір сүретіндерге түсінікті және мейірімді орта құру қажеттілігіне бағытталған.