Павлодардан күн сайын Түркістанға пойыз жүретін болды
«Павлодар – Түркістан» бағыты бойынша 36 жаңа вагон іске қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Енді пойыздар күн сайын жүреді. Мың шақырымнан асатын жолдың ұзақтығы 40 сағаттан аса уақытқа созылады.
Жаңа вагондарда қосымша қажеттіліктері бар адамдарға арналған арнайы купелер, бейнекамералар жабдықталған. Жазда кондиционер жұмыс істейді. Ұйықтайтын орындардан басқа, купеде төменгі сөрелерде отыруға арналған орындар, жарықдиодты шамдар, ұялы телефондарға арналған қос портты USB қуаттағыш, жолсерікті шақыру түймесі бар.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжановтың айтуынша, биыл компания Петропавл зауытында тапсырыс берілген 150 вагоннан 78 отандық вагон сатып алған.
– Біз жолаушылардың, әкімдіктің барлық тілектерін ескердік, бүгіннен бастап жолаушылар пойызы күн сайын жүретін болады, – деді теміржол желісі ұлттық операторының өкілі. – Пойыз Павлодардан кешке шығып, таңертең Түркістанға келеді. Бұл – өте ыңғайлы кесте.
Жәнібек Тайжановтың сөзінше, алты вагоннан тұратын жолаушылар құрамы 456 адамды тасымалдай алады, ал ұлғайтылған схема бойынша құрамға қосымша вагондар енгізілетін болады.