Павлодар облысында төтенше жағдайды жедел хабардар ету жүйесі енгізілуі мүмкін
Табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай орын алған кезде әр тұрғынға ескертуді СМС түрде жіберу қарастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин айтты. Оның сөзінше, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында төтенше жағдайлар кезінде ұялы телефонға жедел SMS-хабарлама жүйесі енгізіледі.
– Жоба тұрғындарды техногендік және табиғи төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар етуге бағытталған. Төтенше жағдай туындаған кезде әрбір тұрғынға Cell Broadcast әдісі арқылы ескерту жіберіледі. Бұл – GSM желісінің технологиясы. Яғни, азаматтарда байланыс болса да, болмаса да СМС хабарлама жеткізіледі. Ол телефон режиміне тәуелсіз экранда жарық және дыбыстық сигналмен көрінеді, – деді Ағыбай Әмірин.
Төтенше жағдайлар пайда болған кезде операторлар желілеріне бірнеше минуттан кейін шамадан тыс жүктеме артады. Ал Cell Broadcast әдісімен ескерту кезінде жаппай шұғыл хабарлау үшін SMS ұялы желінің жеке сигналдық арнасы арқылы жіберіледі. Бұл хабар таратуда желіге қосымша жүктемені артпайды.