Павлодарлық «Ертіс» ойыншысы ТЖМ кубогында үздік қорғаушы атанды
Алматы қаласында аумақтық бөлімшелер арасында шайбалы хоккейден ҚР ТЖМ алғашқы кубогы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш шараның жабылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты. Турнирді Қазақстан хоккей федерациясының қолдауымен ТЖМ BATYR TEAM спорт клубы ұйымдастырды.
Екі күнге созылған жарыста еліміздің әр өңірінен келген командалар бас жүлде үшін тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысының «Қызылжар» командасы үшінші орынға ие болса, Алматы қаласының «Барыс» командасы күміс жүлдегер атанды. Ал Қарағанды облысының «Қыран» командасы турнир жеңімпазы болды.
Турнир қорытындысы бойынша жекелеген номинациялар да анықталды.
– Үздік шабуылшы аталымын «Қыран» командасының өкілі Никита Рублев иеленді. Үздік қақпашы ретінде «Қызылжар» командасынан Анатолий Терехин танылды. Ал үздік қорғаушы атағы Павлодар облысының «Ертіс» командасының ойыншысы Марат Нажмиденовке бұйырды, – деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Марапаттау рәсіміне Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев, BATYR TEAM спорт клубының басшысы Әділ Қайырбаев, ардагерлер қауымдастығының өкілдері және құрметті қонақтар қатысты.
ТЖМ басшысы турнирдің ведомство ішінде жыл сайынғы дәстүрге айналып, азаматтық қорғау жүйесі қызметкерлері арасындағы командалық бірлікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.