Павлодарлық футболшылар қарсыластарын сан соқтырды
Семей қаласында павлодарлық «Ертіс» футбол клубы «Елімай Ж» командасымен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ойын бастала салысымен тоғызыншы минутта елімайлық Асан Байғалиев есепті ашты. Ал бірінші таймның 25-ші минутында жерлесіміз Мейрамбек Еренғайып қарсылас қақпасына допты өткізіп, есепті теңестірді.
Екінші таймның төртінші минутында ертістіктер еншісіне берілген бұрыштама да құр кеткен жоқ. Павел Баркунов ұшып келе жатқан допты баспен соғып, қақпаға добын өткізе білді. Көп ұзамай 55-ші минутта павлодарлық футболшы Александр Бавкун да гол салды. Елімайлық жас футболшы 69-шы минутта қапталдан берілген пасты қолдана отырып, баспен гол соқты. Ал тәжірибелі футболшы Руслан Есімов ойынның соңғы минутын голмен аяқтап, есепті 5:2 қылды.
Сондай-ақ, жартылай қорғаушы Артем Попов ойын тәртібін екі мәрте бұзып, сары және қызыл қағаз алды.
Айта кету керек, «Ертіс» пен «Елімай Ж» футбол клубтарының ардагерлері де жасыл алаңда сынға түсті. Ойын 4:4 есебімен аяқталды.