Павлодар облысында ардагерлер мини-футболдан бақ сынады
Алаңға 50 жастан асқан аяқдопшылар шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында футбол ардагері Бауыржан Багиеновті еске алуға арналған шағын футболдан ашық турнир өтті. Оған ала допты жанына серік еткен ардагерлерден құралған бес команда қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастары 50-ден асқан аяқдопшылардың бәсекесі тартысты өткен. Сайыс нәтижесінде Павлодар ауданын таныстырған «Заря» командасы жеңімпаз атанса, ақсулықтар екінші орынды еншіледі. Ал алаң иесі Ертіс ауданының командасы үшінші орынға тұрақтады.
Жеңімпаз команданың аға жаттықтырушысы әрі ойыншысы Марат Ахметовтің айтуынша, спортшылар Заря ауылында тұрақты түрде жаттығады. Команда құрамында жасы елуді еңсерген, тіпті алпысты алқымдаған ойыншылар да бар. Соған қарамастан олар спорттан қол үзбей, аптасына бірнеше рет жаттығып, түрлі жарыстарға қатысып келеді.
– Мұндай жарыстардың маңызы зор. Спортшылар тәжірибе жинақтап, алдағы чемпионаттарға дайындалады. Бұл турнирдегі жеңіс командаға қосымша серпін берді, – дейді жаттықтырушы.
Команда сапында түрлі салада еңбек еткен және бүгінде зейнеткерлікке шыққан азаматтар бар. «Заря» соңғы бес жылда облыстық жарыстарда бірнеше рет топ жарған. Команда қоржынында алтын, күміс және қола медальдар бар. Сондай-ақ спортшылар Қазақстан чемпионатына қатысып, екі мәрте күміс жүлдегер атанған.
Айта кетелік, жарыс ардагерлер спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және спорт арқылы Бауыржан Багиеновті еске алып, тағзым ету мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.