Павлодарлық оқушылар пластикалық қақпақтармен су тасқынынан зардап шеккендерге көмектеседі
«Таза елге ақ жүрек» қалалық экологиялық челленджін барлық мектептер қолдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қайырымдылық челленджді бірінші болып экологиялық бағыттағы №36 жалпы білім беру мектебі қолдады. Мектеп директоры Рифкат Мұратовтың сөзінше, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында оқушылар пластикалық бөтелкелер мен қақпақтарды жинап, қайта өңдеуге тапсырады.
– Біз тұрмыстық қалдықтарды ақылы түрде қабылдайтын мердігерлік ұйымды таптық. Әр бала қақпақшаларды тапсырған кезде өзінің игі іске деген қосқан үлесін түсінетін болады,– деді Рифкат Мұратов. – Біз эстафетаны басқа мектептерге жолдаймыз. Барлық тұрғындарды да экологиялық науқанға қосылуға шақырамыз.
№36 жалпы білім беру мектебінің 1600 оқушысы пластикалық қақпашаларды жинауға толықтай қатысады. Бұдан бөлек экологиялық науқанды балалардың ата-аналары мен мұғалімдері қолдады.
Рифкат Мұратовтың сөзінше, балалар жинаған пластикті қайта өңдеумен мектептің түлегі Илья Попов айналысады. Ол экологияға қамқорлық жасауды өз кәсібіне айналдырды.