Павлодарда тұрғын үй құрылысын қолдау құралдары таныстырылды

Павлодарда тұрғын үй құрылысын қолдау құралдары таныстырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ  Павлодар облысының құрылыс салушыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл шаралар өңірдегі тұрғын үй құрылысын дамытуға, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға және үлестік құрылыстың ашықтығын нығайтуға бағытталған. ҚТК-ның басқарма төрағасы Алтай Күздібаев Павлодар облысында қазіргі уақытта үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты бар бір ғана тұрғын үй құрылысының жобасы бар екенін, бірақ, өңірде ҚТК-ның кепілдігі бар жобаларының жоқтығын атап өтті.

– Павлодар облысы тұрғын үй құрылысының өсуі үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Кепілдік беру және субсидиялау бағдарламасына қатысу құрылыс кезеңіндегі тұрғын үй құны көбінесе дайын пәтерлердің бағасымен салыстырғанда 15-20%-ға төмен болғандықтан, құрылыс салушыларға өз тәуекелдерін барынша азайтуға, ал сатып алушыларға тұрғын үйді неғұрлым тиімді бағамен алуға мүмкіндік береді. Біз қолжетімді тұрғын үй көлемін ұлғайту және өңірдің жылжымайтын мүлік нарығын жандандыру үшін жағдай жасауға тырысамыз, – деп атап өтті Алтай Күздібаев.

Заңды тұлғалармен жұмыс департаментінің директоры Әйгерім Құрманбаева ТКШ қызметтеріне өтінім беру және қарау процестерін жеңілдетуге бағытталған цифрлық шешімдер туралы толығырақ айтып берді. Өтінім беру «Тұрғын үй порталы» (homeportal.kz) ақпараттық жүйесі арқылы толығымен онлайн форматта жүзеге асырылады. Құрылыс салушыларға жоба бойынша құжаттардың сапалы пакетін ұсынуға көмектесетін модерация рәсімі қарастырылған. Модерация мерзімі небәрі бес жұмыс күнін алады және тегін беріледі. ҚТК қызметтерін алу шеңберіндегі барлық шарттар электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, қашықтан электрондық түрде жасалады.

Енді құрылыс салушылар ҚТК-ның қолдауын алуға өтінім бере алады және шарттарды толығымен онлайн режимінде жасаса алады. Бұл процестерді жеделдетіп қана қоймайды, сонымен қатар ҚТК-ның офисіне бару қажеттілігін жояды. Тұрғын үй порталы өтінімдерді берудің және қараудың барлық кезеңдерінде ашықтықты қамтамасыз етеді, – деп түсіндірді Әйгерім Құрманбаева.

Кездесу барысында өңірдің жергілікті атқарушы органы мен банктердің өкілдері құрылысқа рұқсат алудың қолданыстағы рәсімдері туралы айтып, халыққа ипотекалық өнімдерді ұсынды. Қатысушы тараптар үлестік құрылысқа кепілдік беру және құрылыс салушылар үшін кредиттерді субсидиялау тетіктерін іске асыру жөніндегі ынтымақтастықтың перспективаларын белгіледі.

Ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында ҚТК-ның өкілдері құрылыс кезеңінде жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде үлескерлерге тәуекелдерді қалай азайтуға болатындығы туралы айтып берді. Құрылыс салушылардың жергілікті әкімдіктің рұқсатын немесе ҚТК-ның кепілдігін алған кезде ғана үлескерлердің қаражатын тартуға мүмкіндіктері болады. Сату бөлімдеріндегі үлескерлер, ең алдымен, осы құжаттардың бірін сұрауы керек. ҚТК кепілдігі немесе үлескерлердің қаражатын тартуға әкімдіктің рұқсаты бар объектілер туралы барлық ақпарат (homeportal.kz) тұрғын үй порталында. 

Құрылыс кезеңінде тұрғын үйді сатуға үлестік қатысу туралы шартты (ҮҚШ) үлгілік нысан бойынша жасасу арқылы ғана рұқсат етіледі. Брондау, алдын ала сатып алу-сату және т. б. сияқты шарттардың өзге де нысандары заңсыз болып табылады.  Қол қойылғаннан кейін ҮҚШ «Қазреестр» ақпараттық жүйесі арқылы әкімдікте тіркелуге жатады. Шартты тіркеу фактісі бойынша үзінді көшірме беріледі. Сатып алушылар үшін құрылыс салушылардан осы үзінді көшірмені талап ету маңызды және содан кейін  ғана сатып алынатын тұрғын үйге төлем енгізу қажет.

ҚТК өкілдері халықты үнемі хабардар ету және ҚТК-ның ақпараттық ресурстарында өзекті ақпаратқа қол жеткізу алаяқтық жағдайларды алдын алуға және үлескерлердің құқықтарын қорғауға көмектесетінін атап өтті.