Павлодарда аға буын eGov және онлайн-банкингті меңгеруде

Павлодарда аға буын eGov және онлайн-банкингті меңгеруде
Фото: pexels.com / Kampus Production

Оқыту жұмыстарына «Жастар рухы» белсенділері мен IT-колледж студенттері қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірлік белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Цифрлық әлеуметтік көмек» бағдарламасы аясында қарттарға арналған ақпараттық қауіпсіздік бойынша семинар өтті.

– Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – Павлодар облысындағы цифрлық теңсіздікті азайту. Ол аға буынды eGov, банк қосымшалары, «Damumed», InDrive және басқа да маңызды онлайн-сервистерді пайдалану дағдыларына үйретуге, сондай-ақ ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған, – деп хабарлады «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Бағдарлама «AMANAT» партиясының бастамасымен «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жүзеге асырылып келеді. Семинарға «Жастар рухы» ұйымының белсенділері, IT-колледж студенттері және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысуда. Биыл аға буынның 3000–5000 өкілін цифрлық сауаттылыққа оқыту жоспарланған.

Оқыту барысында қарттарға бірнеше маңызды бағыт бойынша көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, eGov.kz арқылы анықтамалар рәсімдеу, электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану, интернет-банкингпен (Kaspi, Halyk) жұмыс істеу, онлайн-медицина арқылы дәрігерге жазылу, смартфонды дұрыс баптау, сондай-ақ интернет-алаяқтардан қорғану тәсілдері үйретіледі.