Әскерден жалтарған павлодарлықтарды «көшеден ұстап» әкетпейді
Көктемгі шақыруға өңірімізден қанша жігіт аттануы тиіс екендігі белгіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Қуат Жақанов хабарлады. Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Биылғы жылдың наурыз–маусым айларында Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға барлығы 704 азамат жіберіледі.
- Әскери қызметке шақыруға 18-ден 27 жасқа дейінгі, кейінге қалдыру немесе босатылу құқығы жоқ азаматтар жатады. Заңның 30-бабына сәйкес, олар шақыру комиссиясына қағаз түріндегі немесе SMS-хабарлама арқылы келген повестка бойынша келуге міндетті. Алғаш рет повесткаларды тек қағаз жүзінде ғана емес, сонымен қатар мобильді хабарлама немесе eGov порталы арқылы жеке кабинетке жіберуге ресми түрде рұқсат етілді. Повестканы алудан бас тарту азаматтың хабардар болғаны ретінде есептеледі, - дейді Қуат Жақанов.
Құрметті себепсіз келмеген жағдайда немесе повестканы қолма-қол тапсыру мүмкін болмаған кезде әскери басқару органдары бұл туралы ішкі істер органдарына хабарлайды. Әскери қызметтен қасақана жалтарған немесе азаматтардың шақыру пунктіне дер кезінде келуіне кедергі жасаған тұлғаларға қатысты материалдар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға беріледі.
Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, әскери қызметтен жалтару айыппұлмен, түзету жұмыстарымен, бір жылға дейінгі бас бостандығын шектеумен немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады. Ал ауруды қолдан көрсету, өзіне әдейі зиян келтіру немесе құжаттарды қолдан жасау арқылы жалтарған жағдайда жаза үш жылға дейін күшейтіледі.
«Көшеден алып кету» тәжірибесі енді қолданылмайды. Жалтарғандарды іздестіру тек ішкі істер органдары арқылы жүргізіледі.