Аққулы прокурорлары ерекше қажеттілігі бар 400-ден аса тұрғынның құқығын қорғады

Аққулы прокурорлары ерекше қажеттілігі бар 400-ден аса тұрғынның құқығын қорғады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

10 әлеуметтік нысанда пандус пен арнайы автотұрақтар болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аққулы ауданының прокуратурасы 10 әлеуметтік нысанның іргелес аумақтарын тексеру арқылы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді орта қарастырылмағанын анықтады.

– Бұл жағдайлар олардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіріп, әлеуметтік теңсіздікке әкелді. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бюджеттен бір миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, оған ауданның тоғыз әкімшілік ғимаратында тактильді жолақтар мен көмекке шақыру түймелері орнатылған пандустар жөнделіп, салынды, – деді облыс  прокуратурасының баспасөз қызметінде.

Тағы он мекемеде арнайы автотұрақтар мен оларға арналған жол белгілері қойылды. Бұзушылықтар үшін Баймолдин және Аққулы ауылдық округ әкімдерінің аппараттарына 200 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Осылайша, прокурорлық қадағалау шараларымен ауданның ерекше қажеттіліктері бар 417 тұрғынының құқығы қалпына келтірілді.