Павлодарлық полицейлер бір жасқа дейінгі сәбилердің жарақаттануын тергейді

Павлодарлық полицейлер бір жасқа дейінгі сәбилердің жарақаттануын тергейді
Фото: Константин Шелков

Барлық күмәнді жағдайлар тіркеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шерияздановтың айтуынша, балаларға ересектердің қарауынсыз су қоймаларының маңында болуға қатаң тыйым салынған. Биыл Екібастұз өңірінде жабдықталмаған жерде шомылып жүрген екі жасөспірім суға батып қаза тапқан. Рейдтер кезінде де 10–15 жас аралығындағы балалардың ата-анасыз шомылу деректері анықталуда. Құтқарушылар оларды станцияға жеткізіп, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

– Қайталанған құқықбұзушылықтар болған жағдайда ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондықтан әр ата-ана балаларымен күн сайын қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп отыруы тиіс, – деді Серік Шериязданов.

Жыл басынан бері облыста суда 15 төтенше жағдай тіркелген. Оның ішінде екеуі кәмелетке толмағандарға қатысты. Өткен жылы 10 жағдай болса, биылғы көрсеткіш 15-ке жеткен.

Балалардың жарақаттануы да жазда жиілейді. Облыстық балалар ауруханасының нейрохирургі, травматолог Талғат Қасымбековтың айтуынша, травматология бөліміне бір күннің ішінде 70-ке жуық бала қаралады. Оның ішінде 5-6-сы аурухана емін немесе операцияны қажет етеді. Ал ыстық күндері бұл көрсеткіш 90-ға дейін барады.

– Біз тек емдеумен шектелмейміз. Ата-аналармен әңгімелесіп, мектептерде, ішкі істер органдарымен бірлесе түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Әлеуметтік желілерде де ақпараттық науқандар өткізіп, балалардың жарақаттануын азайтуға тырысамыз, – деді дәрігер.

Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен балаларға психологтар да көмек көрсетеді. Егер жағдай күмәнді болса, әсіресе бір жасқа дейінгі сәбилер жарақатпен түссе, ол ақпарат міндетті түрде полицияға жолданады.

– Бұл – министрліктің бұйрығы емес, біздің тәжірибемізден туған шара. Өйткені кейде ата-аналардың немқұрайлылығы немесе қол көтеруі салдарынан балалар қайта-қайта жарақатпен түсуі мүмкін. Сондықтан барлық күмәнді жағдайлар тіркеліп, тиісті органдарға жеткізіледі, – деді Талғат Қасымбеков.

Мамандар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін назардан тыс қалдырмауға шақырады. Терезе мен балконды ашық қалдырмау, арнайы құлып орнату, сіріңке мен қауіпті заттарды қолжетімсіз жерде сақтау – әрбір отбасындағы басты ережеге айналуы тиіс.